«Хабар» мен «Қазақстан» арналарында да салафилер жұмыс істеп жүр — әлеуметтік желі қолданушылары

67 просмотров

Бұған дейін елімізде салафизм ағымын ұстануға ешқандай тыйым салынбай келген еді. Дегенмен, кешегі Ақтөбедегі лаңкестік оқиғалардан кейін өздерін шын мұсылман санайтын осынау ағым ұстанушыларына біраз кедергілер қойылуы мүмкін. Яғни, Қазақстанда исламның салафизм бағытына тыйым салынуы ықтимал. Бүгінде бірқатар қоғам қайраткері, белсенділер және теологтар салафилерге тоқтау салу керек деп дабыл қағуда, деп жазады sn.kz.

Ақтөбедегі атыстан кейін шұғыл баспасөз жиынын өткізген ҚР МСМ Дін істері комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин салафизмге тыйым салу мәселесі елімізде расымен де қарастырылып жатқанын айтқан болатын.

«Халық арасында түрлі пікірлер айтылуда. Мамандар да өз ойын білдіріп жатыр. Сондықтан, Дін істері комитеті барлық пікірлерді қарастырып, зерттеуде. Жалпы, бұл шешім қабылданса, қоғамға тигізетін әсерін де ойлауымыз қажет. Қандай қосымша шаралар қолдану қажет, қандай қауіп қатерлер болуы мүмкін? Міне, осы сұрақтарды жан-жанқты қарастырып жатырмыз», — деді ол.

Ал, күні кеше Қауіпсіздік кеңесінің жиынын өткізген Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі елдің тыныштығын бұзған салафилерді қатаң жаза күтіп тұрғанын меңзеді.

Ендеше, діннің теріс ағымына түсушілермен күрес қалай жүргізіледі? Қауға сақал өсіріп, балағын шолтитып кескендердің бәрін қамай бермейтіні анық. Ондай болатын болса Қазақстанда кемі 15 мың адам сыятын тағы бірнеше түрме салу керек болады. Өйткені, Ғалым Шойкин журналистермен болған кездесуде салафилердің саны 15 мыңнан кем емес дегенді айтқан еді.

Бәлкім жоғарыда отырған идеологтарына тұсау салу керек шығар? Белгілі журналист Дина Елгезек (Төлекова) мемлекеттік қызметте жүрген шенді салафилерді анықтап, су бетіне шығаруды ұсынып отыр.

«Мемлекеттік қызметте жүрген салафиттердің кім екенін анықтау керек! Тізімдері жасалу керек! Қой терісін жамылған қасқырлар мемлекеттік қызметтен қуылу керек! ҰҚҚ, Бас Прокуратура, ІІМ бүкіл күштік құрылымдар бірігіп қимылдауы қажет! Қазір шара қолданбаса, түбімізге жетеді бұлар!», — дейді ол.

Қаншалықты рас екені белгісіз, әлеуметтік желі қолданушылары «Хабар» мен «Қазақстан» телеарналарында да салафизм ағымын ұстанатын жастардың көп екенін айтады.

Қалай болғанда да, қазақ қоғамын тағы бір үлкен өзгеріс күтіп тұрған секілді. Қазақстанда 5 жыл бұрын орын алған бірнеше лаңкестік оқиғаларға діни радикалдардың қатысы жоқ деп, көз жұма қараған билік бүгін қайта оянғандай. Рас, кейбір сарапшылар биліктің кеш оянғанын айтып отыр. Яғни, салафилердің бақылаудан шығып кеткенін меңзеуде. Дегенмен, ештен кеш жақсы деген ұстаным тағы бар. Бәлкім, үкімет тиісті заң қабылдап, сол заңның аясында кешенді алдын алу жұмыстары сонау балабақшадан бастап ЖОО-ға дейінгі барлық ортада жүргізілер.

Загрузка...