Бас бапкер: қазақ боксшыларының ендігі жекпе-жектері қиын болады

107 просмотров

Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов боксшыларымыздың ендігі жекпе-жектері өте қиын болады деп мәлім етті.

Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.

— Бүгін шаршы алаңға төрт боксшымыз шығып, төртеуі де қарсыластарын ұтып, ары қарай жарыстарын жалғастыратын болды. Бүгінгі төрт боксшымыз да жақсы өнер көрсетті. Тапсырмаларымды ойдағыдай орындады. Жігіттердің жеңістеріне разымын.

Бірақ, ендігі жекпе-жектері өте қиын болады. Себебі, әлсіздер жарыстардан шығып қалды. Енді кілең іріктелген мықтылар қалды.

Сондықтан, бізді нағыз айқастар енді күтіп тұр, — деп атап өтті бас бапкер.

Сондай-ақ, ол өзінің қол астында жаттығатын жігіттер де осал емес екенін айтты.

— Біздің жігіттер де осал емес. Әрқайсысының өз орындары бар. Міне, бүгін Василий Левит финалға қиналмай жетті. Қазірдің өзінде қолында Олимпиаданының медалі бар. Бірақ, чемпион атану үшін тағы бір жақсылап тер төгуі керек.

Басқа жігіттер де солай. Терін төгіп отырып, жұдырықтаспаса, жүлдеден қағылады. Бәріне тапсырма ортақ. Алға қойған мақсатқа жету үшін барымызды саламыз, — деді Айтжанов.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан құрамасы 2 алтын, 2 күміс, 3 қола медальмен бүгін жалпыкомандалық есепте 16-орында келе жатыр.

Загрузка...