Қарағандыда физика пәнінің мұғалімі 2 жылға сотталды

429 просмотров

Қарағанды облысы Қазыбек би аудандық соты физика пәнінің мұғалімі Юрий Пакты жалған лаңкестікпен айыптаған атышулы іс бойынша үкім шығарды.

Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.

«Юрий Пак ҚР Қылмыстық кодексінің 273-бабы (Террористік акт туралы көріне жалған хабарлау) бойынша айыпты деп танылсын және жалпы режимдегі түзету мекемесінде екі жылға бас бостандығынан айыру туралы жаза тағайындалсын», — деді Қазыбек би аудандық сотының судьясы Әлия Жошева.

Ол сотталушының сот залында тұтқындалатынын хабарлады. Сонымен бірге, сот материалдық шығын ретінде Пактан облыстық төтенше жағдайлар департаменті мен жедел жәрдем қызметі пайдасына 60 мың теңге өндіріп алды.

Сондай-ақ, сараптама өткізуге жұмсалған сот-процессуалды шығын ретінде мемлекет пайдасына 192 мың теңге өндірілді.
Мұғалімді қолдауға келген халық сот залына сыймады. Бұл — мұғалімнің достары, таныстары, бұрынғы және қазіргі оқушылары еді.

Сот процесі кезінде Юрий Пак өзінің кінәсіз екенін айтумен болды. Юрий Пактың науқас анасына баласына қатысты қозғалған іс ауыр тиді,  ол үкім шығатын күнге аз қалғанда көз жұмды. Айыпкерді қолдауға келген халық үкім шығарылған соң, көз жасын тыя алмады.

Еске сала кетелік, биыл 14 сәуірде Қарағандыда мектепте отырған мұғалім смартфонынан шұғыл қызметке хабарласып, қаладағы орталық әмбебап дүкеніне бомба қойылғандығы туралы мәлімет қалдырған. Осыған байланысты шілде айында физика пәнінің мұғалімі сотқа тартылған еді.

Загрузка...