Қостанай облысынан Ырғыз ауданына ағатын Торғай өзеніндегі судың деңгейі көтерілген.
Торғай өзеніндегі судың көтерілуіне байланысты мұнда 3 ауылды – Нұра, Мамыр және Белшер ауылын су басқан. Осы кенттердің тұрғындары мен Құлыс ауылының тұрғындары аудан орталығына эвакуацияланды. Жалпы саны 1280 адам көшірілді.
Нұра ауылында адамдар көшеде қайықпен жүр, үйлер суға батқан, кейбірі опырылып түскен, орта мектеп те су астында қалған. Су мектепке кіріп бара жатқан адамның беліне жетіп тұр.
Ауыл аудан орталығынан 90 шақырым жерде орналасқан, қазір тек айналма жол бар және ұзындығы – 180 шақырым.
Ауылда 112 үй, 691 тұрғын бар. 14 сәуірде мұнда биіктігі 2 метрге дейін судан қорғау үшін салынған бөгетті су шайып кетті. Бөгет 5 шақырымға нығайтылды, ені – 3 метр, биіктігі – 2,5 метр.