Қанат Ислам: «Риода төрт боксшымыз алтын алуы тиіс»

75 просмотров

Белгілі кәсіпқой боксшы Қанат Ислам, Риода Қазақстан боксшылары алтын медальдар саны жағынан тарихи рекорд жасайды, деп мәлімдеді.

Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды.

Қазіргі бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының әлеуеті әлем бойынша теңдессіз деп атап өткен боксшы, өзі төрт жігіттен анық алтын күтетінін аңғартты.

“49 келідегі Біржан Жақыпов. Біржанның бұл үшінші Олимпиадасы. Тәжірибесі жеткілікті. Әбден пісіп жетілді. Өзі де ақылды жігіт. Бұл өзінің соңғы Олимпиадасы екенін жақсы біледі. Сондықтан тек алтын үшін бара жатыр. Екінші алтынға лайық боксшы – 69 келідегі Данияр Елеусінов. Ол биыл осымен екінші мәрте Олимпиадаға қатысқалы отыр. Данияр да нағыз бабында. Оның үстіне бұл қазақтардың меншікті салмағы. Ол осыған дейінгі ағалары салған алтын жолды үзбеуі тиіс. Үшінші алтын алады деп отырған боксшым -75 келі салмақтағы Жәнібек Әлімханұлы. Бұл бауырымыз да нағыз жалындап тұрған шағында олимпиадаға бара жатыр. Ал төртінші алтынды Әділбек Ниязымбетов қоржынымызға салады”, – дейді Қанат Ислам.

Қазақ боксшыларының ең тәуір көрсеткіші Сидней олимпиадасы болатын: Төрт бірдей боксшымыз финалға шығып, 2 алтын, 2 күміс қоржынға түскен. Кәсіпқой боксшы, сол ерлік биыл Рио төрінде қайталанып қалады деген сенімде. Айтпақшы, ол құрама жігіттеріне АҚШ-тан спарринг қарсылас тауып бергенін де айтты.

“Қазір әр салмақтан боксшылар тауып, келісіп қойдық. Енді, екі жақ келісе отырып, олардың құжаттарын рәсімдеу жұмыстары ғана қалды. Бұйырса, жақын арада келетін болады. Осы шілденің 7-сі күні ұлттық құрама Астандағы оқу-жаттығуын бастайды. Менде бірге барып, боксшылардың жаттығуына өз үлесімді қосқалы отырмын. Қазір де Алматыда солармен біргемін”, – деді боксшы.

Загрузка...