Нұр-Сұлтан
Қазір
3
Ертең
3
USD
445
+0.37
EUR
477
+2.08
RUB
4.82
+0.02

Жер дауы. Баян. Қыдырәлі және Ninety One. Жыл несімен есте қалды?

111

Талғат Ермегияев

Жыл жемқоры: Талғат Ермегияев

Бұл атаққа «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының экс-төрағасы Талғат Ермегияев лайық екеніне ешкім күмән келтіре қоймас.

Тергеушілердің дерегіне сәйкес, Талғат Ермегияев ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін ұйымдастыруға бөлінген қыруар қаржының 4 миллиард 200 миллион теңгесін заңсыз иеленіпті.

Талғат Ермегияев 2015 жылы маусым айында сот шешімімен үйқамамаққа алынып, ағымдағы жылғы 9-маусымда Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық мамандандырылған сотының үкімімен 14 жылға бас бостандығынан айырылды.

Судья Әділхан Шайхыисламов Талғат Ермегияевті қылмыстық кодекстің 366-бабының 4-тармағы (“пара алу”), 189-бабы 4-тармағының 2-бөлімі (“өзіне сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін иелену немесе ысырап ету”) бойынша айыпты деп тауып, 14 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті.

Сонымен қатар, Ермегияев мемлекеттік органдар мен коммерциялық ұйымдарда лауазымды қызметтер атқару құқығынан өмір бойына айырылып, оның “қылмыстық жолмен табылған дүние-мүлкі” тәркіленетін болды.

Дмитрий Баландин

Жыл жаңалығы: Дмитрий Баландин

Әлбетте, бұл аттаққа ағымдағы жылғы 11-тамызда Рио олимпиадасында суға жүзу жарысында мәреге бірінші болып келген қазақстандық спортшы Дмитрий Баландин лайық. Дмитрийдің бұл жеңісінің құндылығы – ол Қазақстан тарихында спорттың бұл түрінен қол жеткізілген алғашқы алтын медаль.

Дмитрий Баландин бұл биікке оңай көтерілген жоқ. 2014 жылы Оңтүстік Кореяда өткен Азия ойындарында ол үш дүркін чемпион атанды. Осы жеңісінен кейін қазақстандықтар оған үміт арта бастады.

2009 жылдан бері Дмитрийді оның жеке бапкері Казаков Алексей Николаевич жаттықтыруда.

2011 жылы Баландин ҚР суда жүзу спорт шебері атағын алды. Сол жылдың соңында халықаралық кластағы спорт шебері атағын иеленді.

Дмитрий Баландин 1995 жылғы 4-сәуірде Алматыда дүниеге келген. Бойы 195, салмағы – 85 келі. Суда жүзу спортымен 2003 жылы 8 жасынан бастап айналыса бастаған. 2008-2012 жылдары Алматыдағы спорттағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатында оқыған.

Жылдың мәмілесі: Жер дауы

2016 жылдың 23 сәуірінде жер реформасы жөнінде комиссия құрылып, оған 75 адам енді. Сол кездегі ҚР Премьер-министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев төрағалық ететін бұл комиссияға парламент депутаттары, үкімет мүшелері, саяси партиялар мен агробизнес, салалық қауымдастықтар өкілдері, ғалымдар мен қоғам белсенділері кірген.

Комиссияның алғашқы отырысы мамырдың 14-інде Астанада өтті. 2016 жылы мамырдың 14-нен тамыздың 13-і аралығында Ұлттық комиссияның 9 отырысы өтті, оның бесеуі Астанада болды. Комиссия жұмысын жеделдету үшін 4 жұмыс тобы құрылды.

Экономикалық мәселелер тобын Ақылбек Күрішбаев басқарды. Ал құқықтық топты Мұхтар Тайжан, Ақпараттық түсіндіру тобын Мұрат Әбенов қолға алды.

Дос Көшім комиссияның ашықтығы мен заңдылығын қамтамасыз ететін топты басқарды. Ең бастысы осы комиссия жұмысының арқасында жер дауына қатысты еліміздің әр өңірінде болған халық толқуы кезінде ұсталған азаматтардың басым бөлігін босатуға қол жеткізілді және ҚР Жер кодексінің даулы баптарына мораторийді ұзарту жөнінде шешім қабылданды. Сөйтіп Елбасының сарабдал саясатының арқасында жер сатылмайтын болды!

Тоқтар Төлешов

Жылдың бүлікшісі: Төлешов

Мемлекеттік төңкеріс жасауды ұйымдастырды„ деген айыппен 2016 жылдың 30 қаңтар күні Шымкент сыра зауытының қожайыны Тоқтар Төлешов ұсталды. Оның Астана, Алматы, Шымкент қалаларында бірқатар сыбайластары да ауыздықталды. Тінту кезінде оның үйінен көп қару-жарақ, түрлі әдебиеттер табылған. Сол секілді қол астында арнайы жаттыққан, қару-жарағы бар 90 адамы болған. Билікті басып алу бойынша жоспарын жүзеге асыру үшін Төлешов бастапқыда елдегі жағдайды тұрақсыз еткісі келген.

Осы мақсатта ол Қырғызстанда 2005-2010 жылдар аралығында болған оқиғаларды зерттеген. Сөйтіп Төлешов еліміздің батыс өңірінде наразы топтар бар деп есептеген, оның ойынша, бұл топтарды өз мүддесіне пайдалану қолайлы болған.

Олигарх осы мақсатта жаппай митинг ұйымдастыру үшін Атыраудағы қоғам белсендісі Талғат Аянға ақша бердім деп түсінік берді. Көптеген сот отырысынан соң Атыраудағы митингіге қатысқан қоғам белсенділері Макс Боқаев пен Талғат Аян 5 жылға сотталды.

Жылдың трагедиясы: Ақтөбедегі және Алматыдағы теракт

Еліміздің бұл қалаларының көшесі қанға бөгіп, жазықсыз адамдар мерт болды.

2016 жылдың 5 маусым күні Ақтөбеде теріс діни ағым өкілдері әскери бөлім мен екі бірдей қару-жарақ дүкеніне шабуыл жасады. Салдарынан 7 адам қаза тауып, бірнеше адам жарақат алды. Ал лаңкестерді ұстау операциясы кезінде 18 адамның көзі жойылды. Бұл қанды қырғынға байланысты 29 лаңкес ұсталып, оның жетеуі өмірінің соңына дейін бас бостандығынан айырылды.

Олардың арасында терактіге тікелей қатысқан Бақыт Қуанышбаев, Асхат Иманғалиев, Ануар Садихов, Әлібек Ақпанбетов, Асхат Рахметов, Жаңабай Қуанышбаев пен Арсен Таңатаровтар да бар. Сот үкімімен террористік топтың 9 мүшесі жәбірленушілерге моралдық және материалдық шығын төлейтін болды. Олар бір ай ішінде 26,5 миллион теңге төлеуі тиіс делінді.

2016 жылы 18 шілдеде Алматыда террористік акт болды. Белгісіз ер адам Алмалы аудандық ІІБ мен ҰҚК департаментіне қарулы шабуыл жасады. Оқиға салдарынан бес адам, оның ішінде үш полиция қызметкері қаза тапты. Қалада террорлық қатердің қызыл деңгейі жарияланды. Қылмыскер ұсталды,ол бұрын істі болған Қызылорда облысының тумасы Руслан Күлікбаев болып шықты. Сот процесі барысында жараланған полицейлер көз жұмды және Руслан Күлікбаевтың тағы бір әйелді өлтіргені анықталды.

Ақырында Алматыда қырғын салып, 10 адамның өмірін жалмаған лаңкес Руслан Күлікбаев өлім жазасына кесілді. Ал Күлікбаевтың өзі қанды қылмысын „дінсіздермен күрес„ деп атады. Сот кезінде оның теріс діни ағым жетегіндегі азамат екенін туған-туыстары нақтылаған.

Баян Есентаева

Жылдың көзі көгерген әйелі: Баян Есентаева

Биылғы жыл Баян үшін сәтсіз болды. Күйеуі Бақытбек Есентаевтан оңбай таяқ жеді. Бұған желідегі жұрт әртүрлі баға берді. Әйеліне қатал қарайтындар: «Қатын тілі мен ісінен табады» десе, енді бірі «Баян батыр әйел. Оған орынсыз тіл тигізбеңдер» десті.

Баянның экс-байы 9 жылға сотталып кете барды. Баян оған кешірім берсе де, сот алдында жауапкершіліктен жалтара алған жоқ. Ал бұдан кейін Баян әлеуметтік желі мен ақпарат құралдарының жұлдызына айналды. «Баян бүй депті, Баян былай жасапты» деген ақпараттар ең оқылымды мақалалардың тізімінде жүрді.

Қалай болғанда да Баян биыл «хит» болды. Құдай біледі, келесі жылы да «хиттердің» көшбасында тұратын шығар. Келесі жылы Баян байға тиіп жатса да, таңғалмаңыз. Шоу-бизнестің адамдары ғой. Ал бұл салада жүргендерден бәрін күтуге болады.
Айтпақшы, күйеуінен жеген таяғы Баянға ой салған сияқты. Ендігі жерде ол күйеуі күн көрсетпей жүрген келіншектердің сойылын соғатын болады.

Илья Ильин

Жылдың жолы болмаған жігіті: Илья Ильин

Иә, Илья масқара болды. Илья ғана емес, бізде масқара болдық. Алтынымызды тартып алды. Алтынмен бірге абырой да кетті. Жоқ, рас қой. Дерекпен сөйлеген жөн ғой. Ильяның допинг қабылдағаны халықаралық деңгейде дәлеленді. Ал Батыс біз емес. Мұнда біздегі сияқты аға-көкеге сену, нәтижені бұрмалап жіберу деген түсініктер жоқ. Сондықтан бұл жайтты қабылдауымызға тура келеді. Ильин Бейжің мен Лондоннан жеңіп алған алтындарынан айырылды. Енді ол кім? Бұдан бұрын ол «Аңыз адам» еді. Ал қазір ол кім?

Жоқ, оның алтындарын ешкім тартып алған жоқ. Өзінен кінә. Мұны өзі де біледі. Ильяның соңғы кезде берген сұхбатын оқысаңыз осыны аңдауға болады. Солай. Оның алтынан айырылуына, өзінен басқа ешкім кінәлі емес.

Жылдың тартысы: Ninety One vs Ринат Зайытов

Атышулы 91 тобы мен ақын Ринат Зайытовтың арасындағы айтыс-тартыс былтырғы жылдың аяғында басталған-тұғын. Биылғы жылы ерекше күшейді. Жастардың киім-киісі мен жүріс-тұрысына қатысты сын айтқан Ринаттың сөзінен кейін күллі халық Ninety One-нің жауына айналып шыға келді.

Тіпті, топты танымайтын, оның шығармашылығымен таныс емес аға-апалардың өзі алаңға шығып кетті. «91 тобы қаламызға келсе, көресіні көрсетеміз» десті олар. Ринат Зайытовтың сындарынан кейін топтағы жігіт көгілдірге айналып шыға келеді. Жұрт Қазақстанның барлық бақытсыздықтары мен сәтсіздіктерін осы жігіттерден көрді.

Осы топты құрған Ерболат Беделхан да талай сөзге қалды. Тіпті Дәулет Тұрлыхановтың өзі ұрсып тастады оған. Сонда да болса, бұл жігіттер алған бағыттарынан жаңылар емес.

«Қазақ тілін музыканың көмегімен трендке айналдырамын» деген Ерболат Ринаттың уытты сөздерінен қорықпайтын сияқты. Ал Ninety One жазған әрбір ән ертесіне хитке айналып жатыр.

Қыдырәлі Болманов

Жылдың күлкіге қалған адамы: Қыдыкең

Елімізде әнші -әртістердің атақ-абыройы аспандап кеткені соншалық халықтың атынан сөйлейтін болған. Олардың даңқ пен дақпырты ақын-жазушылардан асып кеткен.

Соның бірі – Қыдырәлі Болманов.

Еліміздегі бір басылымға сұхбат берген Қыдекең былай депті: «Мен тоқал дауын халықтың Жер сатуға наразылық танытып, алаңға шықпауы үшін ойлап таптым. Осылайша жасасам әне-міне алаңға шығуға әзір отырған жұрттың ойы-басқа жаққа бөліне ме деп ойладым».

Міне, бір ғана Қыдырәлінің ықпалы қандай. Оның тоқал алғалы жатқанын естіп, күллі халық, күллі қазақ ойынан айнып қалады екен. Істеп жатқан ісін жиып-тереді де Қыдекеңнің тоқал алғалы жатқанын талқылай жөнеледі.

Осылайша күлкіге қалды Қыдырәлі. Одан бұрын қазақтың тағдырына қаншалықты жани ашитынын көрсетті. Айтпақшы, оның тоқал тақырыбын Жер дауы кезінде ойлап таптым деуі тегін емес. Бұл арада ол өзін ойлаған. «Ертең ел бүлінеді. Ел бүлінсе, той тыйылады. Той тыйылса, табыс да жоғалады» деп болжаған болар Қыдыкең.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз