Қостанай облыстық сотының апелляциялық алқа соттары қаланың экс-әкімі Ахмедбек Ахметжановтан 85 миллион 400 мың теңге көлемінде қаражат өндіру туралы шешім шығарды.
Бұл туралы Астана арнасы хабарлайды.
Керісінше, кінәсін толық мойындаған әкімнің бұрынғы орынбасары Мақсұт Қалиев пен кәсіпкер Сергей Биктибаевтардың жаза мерзімдері 1 жылға қысқарды. Ал шенеуніктердің тағы бір сыбайласы Гагик Овнанянның апелляциялық шағымы жартылай қанағаттандырылды.
Оның жаза мерзімі 10 жылдан 3 жарым жылға қысқарып, тәркіге салынған дүние-мүлкі түгел кері қайтарылды.
«Әкімдік ісіне» қатысы бар деп жазаға тартылған серіктестік басшысы Леонид Васильевтің талап-арызы қараусыз қалды. Бұған дейін ол 14 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.
Қылышбай Сәлмұхаметов, Қостанай облыстық сотының апелляциялық алқасының судьясы:
Соталушы Ахметжановтан мемлекет пайдасына 85 миллион 400 мың теңге көлемінде қаражатты өндіру, «Шарт-Астық», «Стройметсервис-2007», және «Аскос» серіктестіктеріне тиесілі тәркіленген дүние-мүліктерді бұған дейінгі сот үкімінің тізімнен алып тастау туралы шешім шығарды.