Жамбыл облысында “Синий кит” деген өлім ойынының тапсырмаларын орындап жүрген 8-сынып оқушысы анықталды.
Бұл туралы Жамбыл облыстық прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлады. Ол құзырлы органның әлеуметтік желілерге жасаған бақылауы кезінде анықталған.
“Тапсырма қауіпсіз көрінгенімен, белгілі бір әуенді бірнеше сағат бойы тыңдау, қолына киттің суретін салу – еркін бағындыруға, санаға әсер етуге бағытталған, ал кейін осы арқылы өлім культін ұйыту мақсаты бар. Қазіргі уақытта бала және оның ата-анасымен психологтар жұмыс істеп жатыр, облыс мектептерінде суицидке бейімі бар балаларды анықтау бойынша тест жүргізіліп жатыр. Түсіндіру жұмыстары жүргізілуде”, – деп хабарлады прокуратура өкілдері.
Мұның алдында ҚР Ішкі істер министрлігі әлеуметтік желіде тарап жүрген “өлім ойындарына” қарсы жүргізіліп жатқан шаралар жайында айтып берген болатын.
“Соңғы кездері әлеуметтік желілерде суицидті насихаттайтын “Синий кит”, “Тихий дом” топтары тарап жатыр. Ойынға кірген балалар тапсырмаларды орындауы қажет, оның ішінде тамырыңды кесу керек және қолыңа киттің суретін салу керек деген сияқты тапсырмаларды орындауы тиіс, соңында олар өздеріне қол жұмсауы керек болады. Сонымен қатар, ойын модераторлары ойыншы туралы мәліметтерді біліп отырады. Осы әрекет бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабы, 6-бөлігі (“Жәбiрленушiнi қорқыту, оған қатыгездiкпен қарау немесе оның адами қадір-қасиетiн үнемі қорлау арқылы адамды өзiн-өзi өлтiруге дейін немесе өзiн-өзi өлтiруге баруға дейiн жеткiзу”) тергеу жүргізіледі”, – деген еді Мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры Алмас Сәдубаев.
Еске сала кетелік, Шығыс Қазақстан облысында екі оқушы, Петропавлда тағы бір жасөспірім, Қарағандыда бір студент осы қауіпті виртуальдық ойынға тартылған.