Қазірдің өзінде ұлттық экономика министрінің айтуынша, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары 0,7 процентке қымбаттаған
Бақытжан Сағынтаев
“Баға мәселесін қатаң бақылауға алыңыздар. Алда тағы да Наурыз мерекесі келе жатыр. Осыған байланысты баға күрт өсіп кетіп жүрмесін!”, — деп тапсырды премьер-министр үкімет отырысында.
Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің ақпаратынша,
жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы 0,7%-ға өскен.
“Ең жоғары баға: қырыққабат – 12,7%; пияз – 7,4%; картоп – 5,5%; сәбіз – 4,5%. Бағаның өсуіне маусымдылық, сақтау кезіндегі тауарлардың бұзылуы және шығындары, қысқы кезеңде қолайсыз ауа райында тасымалдау себеп болып отыр”, — деді ол.
Оның айтуынша, қарақұмық, күріш, 1 санаттағы жұмыртқа, 1 сұрыпты бидай ұны, тауық еті, күнбағыс майы мен тұз өнімдері керісінше арзандаған. 8 тауар бойынша баға бекітілген аралық шегінде қалып отыр.
Тимур Сүлейменов
“Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасын тұрақтандыру және ұстап тұру мақсатында ұлттық экономика министрлігі 2018 жылға шекті мәндерді бекітті”, — деді Сүлейменов.
Министр әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары қымбаттаған өңірлерді атады.
“Ең жоғары өсім – Астанада (102,2%),
Алматы қаласында (101,6%) және
Ақтөбе облысында (101,3%) байқалады.
Азық-түлік түрлері бойынша Алматы қаласында қырыққабат бағасы (28,9%),
Астанада картоп (12,7%),
Қарағандыда сәбіз (12%) бағасы айтарлықтай өсті”, — деді ведомство басшысы.