Енді санаулы сағаттардан кейін мешін жылын шығарып салып, тауық жылын қарсы аламыз.
Қазақы таным бойынша, нағыз тауық жылы наурыз айында кіреді. Десек те, біз «тауық жылы қазақ тарихында қандай оқиғалар орын алды» деген сұраққа жауап іздеп көрдік.
1909 жылғы тауық жылын қазақ руханиятына сүбелі үлес қосылған жыл деп айтуға болады. Себебі дәл осы жылы Абай Құнанбайұлының тұңғыш рет жыр жинағы жарық көрді. Аталған еңбектің Петербор баспасынан шығуына Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан мұрындық болған еді. Сондай-ақ тауық жылы Ахмет Байтұрсынұлының «Қырық мысал», Міржақып Дулатұлының «Оян, қазақ!» кітабы жарық көрді. Ақын «Оян, қазақ» кітабын жазған кезде небәрі 24 жаста болатын.
1921 жылғы тауық жылы қазақ тарихында сұрапыл аштық болды. Коммунисттердің солақай саясатының салдарынан қазақ бір емес екі рет аштықтар қырылды. Мысалы, Профессор С.П.Швецовтың мәліметтері бойынша 1921 жылы ашаршылықта Қазақстан халқы 30 пайызға дейін азайған. Кейбір елдімекендерде нәубет халықтың 100 пайызын қамтып, олар түгелдей дерлік қырылып қалған. Швецовтың дерегіндегі 30 пайыз қырылған адам шамамен 1,5 миллион болады екен. Демек 1921 жылғы тауық жылы қазақ есінде жұт жылы ретінде қалды. Соның кесірінен қазақ халқы 6 миллионнан 4,5 миллионға азайып кетті.
1933 жылғы тауық жылы аштықтан қырылған қазақтың тамырына қан жүгірткен жыл болды. Бұл жылы қазақ елін 8 жыл басқарған Голощекин биліктен кетіп, оның орнына билікке Мирзоян келген еді. Қазақтар «Мырзажан» деп атаған Мирзоянның мыстандығы басым болып шықты. Өйткені ол Голощекиннен қалыспай ұлт зиялыларын қыру үшін арнайы Сталиннен лимит сұраған екен.
Қош, сонымен 1932 жылға аштықтан 1933 жылы 4,5 миллион қазақтың қаншасы аман қалды? Батыс зерттеушісі Р.Монвест 1931-1932 жылдардағы ашаршылықта 1 миллион, М.Олкотт 1,5 миллионнан астам адам өлді дейді. Ал шын мәнісінде аталған аштықтан шамамен 2 миллион 200 мың адам қырылған көрінеді. Бір сөзбен айтқанда 4,5 миллион қазақтан небәрі 1 миллион 800 мың қазақ аман қалды. Міне осы қазақты 1941-45 жылдардағы сұрапыл соғыс күтіп тұрған болатын.
1945 жылғы тауық жылы 4 жылға созылған соғыс аяқталып, қазақтың көңіліне қуаныш ұялады. Алайда соғыстағы ауыртпалық қарашаның шымбайына батып, әбден титықтатып тастаған болатын. Тұрмыстық ауыртпалығынан бөлек, анасы баласынан, әйелі ер азаматынан айырылды. Екінші дүниежүзілік соғысқа елімізден 1 млн. 200 адамнан 1 млн. 400 мың адамға дейін аттанған екен. Өкінішке қарай 600 мыңға жуық отандасымыз соғыстан оралмады. Ресейдің әскери деректеріне сүйенсек, сұрапыл соғыстан 126 мыңға жауық қазақ жауынгері қаза тапқан. Шын мәнісінде соғыста қазақ тапқандардың саны бұдан да көп болуы мүмкін. Себебі большевиктер орыс емес ұлттарды алдыңғы шепке қойып, өздері тасада қалғаны белгілі. Бір сөзбен айтқанда, 1921 жылдан бастап, 1945 жылға дейінгі 24 жылда 6 миллион қазақтың шамамен 4,5 миллионы қырылды.
1957 жылғы тауық жылы қазақ халқын жаппай қыру тоқталды. 1953 жылы Сталин қайтыс болғаннан кейін елде жылымық орынай бастады. Алайда 1960 жылы «Солтүстіктегі 5 облысты Ресейге қосамыз» деп Хрущев бастама көтергенде оған тек Жұмабек Тәшенев қарсы шыққан болатын. Міне осы қарсы шығудың салдарынан ол КСР-і Министрлер Кеңесінің төрағасынан Шымкент облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасарлығына төмендетіледі. Десек те ол ұлт тарихында өзінің атын алтын әріптермен жазып кетті.
1969 жылғы тауық жылы қазақтардың есінде қатты қысымен есте қалды. Соның салдарынан төрт түлік мал жем-шөптен ашығып қырылды. Алайда тікұшақпен шөп тастап, шығын қатты сезілген жоқ. Көз көргендер төрт түлік мал тікұшақ келгенде аспанға қарайтын деп еске алады. Егер билік тарапынан шаруаларға көмек болмағанда елде жұт болуы әбден мүмкін еді.
1981 жылғы тауық жылы Кеңес үкіметінің орыстандыру саясаты күшейгенімен, одақта саяси дағдарыс байқала бастады. КСРО-ны 1966 жылдан басқарып келе жатқан Брежнев 1982 жылы қайтыс болып, оның орнына Андропов келеді. Небәрі екі жыл КСРО-ны басқарған ол елде қатаң тәртіп орнатады. Білетіндердің айтуынша, бастықтардың әйелдері бұрынғыдай қызметтік көліктермен тайраңдап жүре алмайтын жағдайға жеткен. Бірақ бұл тәртіп ұзаққа созылған жоқ.
Тауық жылынан кейін 5 жыл өткеннен соң Алматыда Желтоқсан ұлт азаттық көтерілісі болды. Міне осы ұлт азаттық көтерілісі КСРО құлатып, еліміздің тәуелсіздік алуына түрткі болды.
1993 жылғы тауық жылында қазақ халқы тәуелсіздіктің 2 жылдығын атап өтті. Азаттықтың алғашқы жылдарында қараша халықтың жағдай өте мүшкіл болды. Алайда дәл осы жылы қазақтың ұлттық валютасы теңге айналымға енді. Әлеуметтік жағдайы нашарлап әбден титықтаған халықты төл теңгенің жарыққа шығуы серпілтіп тастады. Әу баста 1 АҚШ доллары 4,7 теңге болған еді. Алайда 1994 жылдың қаңтарында теңге 10 есеге жуық құнсызданып кетті. Бірақ қалай болғанда да 1993 жылдың тауық жылы қазақтар үшін құт жылы болды.
2005 жылғы тауық жылы елімізде сайлау жылы болды. Аталған жылы Парламент Сенаты мен ел президент сайлауы өтті. Мемлекет басшысы Н.Назарбаев басты қарсыласы Жармахан Тұяқбайды жеңіп, мемлекет тізгінін қайта қолға алды. Бұл сайлау бұдан кейінгі додаларға қарағанда өте қызу өтті. Өйткені Алтынбек Сәрсенбайұлы мен Заманбек Нұрқаділовтің өлімінен кейін еліміздегі оппозицияның ықпалы азайып, берекесі кетті. Сондай-ақ осы жылы Қазақстан мен Ресей арасында тарихи қадам – «Қазақстан-Ресей шекарасы туралы» Заңы бекітілді.
P.S. Байқасыңыз, қазақ тарихында тауық жылында құт та, жұт та болған екен. Ал келер 2017 жылдың тауық жылы қазақ тарихында қандай жылнамамен қалады екен?