Алматыда әл-Фараби даңғылында сағатына 288 шақырым жылдамдықпен жүрген жүргізушінің видеосы желіде тарады.
Бейнежазбадан көліктің үлкен жылдамдықпен қозғалып келе жатқанын және оны жүргізушінің өзі түсіріп отырғанын көруге болады. Оқиғаның нақты қашан болғаны белгісіз, бірақ бұл әрекет әлеуметтік желі қолданушыларының ашу-ызасын туғызды.
Желі қолданушыларының пікірінше, мұндай жылдамдық қала ішінде аса қауіпті. «Куәлігінен 7 жылға айыру керек», «Қоғамдық көлікпен жүруі тиіс», «Бұл тек өзінің емес, айналасындағы адамдардың да өміріне қауіп төндіреді» деген пікірлер жазылды.
Бұған дейін Алматыда рұқсат етілген шектен асып, 106 км/сағ жылдамдықпен жүрген жүргізушіге 78 мың теңге айыппұл салынғаны белгілі. Ал 288 км/сағ жылдамдықпен жүрген бұл жүргізушіге қандай жаза қолданылатыны әзірге белгісіз.