Қарағанды облысында полиция қызметкерлері WhatsApp топтарының көмегімен ірі мал ұрлығын әшкереледі. Теміртау қаласындағы блок-бекетте патрульдік полиция батальонының қызметкерлері 45 жылқы тиелген жүк көлігін тоқтатқан. Тексеру барысында олардың бір бөлігі ұрланғаны анықталды.
Көлікті Түркістан облысының 48 жастағы тұрғыны жүргізіп келе жатқан. Ол 45 бас жылқыны Степногорск тұрғынынан 13,5 миллион теңгеге сатып алғанын айтып, құжат көрсеткен. Алайда полицейлер оның мінез-құлқына және құжаттың өзіне күмәнданған.
«Астана қаласы криминалдық полициясының әріптестері Қарағанды облысына қарай бет алған жылқылар тиелген «КамАЗ» туралы жедел ақпарат берген болатын. Жылқылардың ұрланған-ұрланбағанын тексеру қажет болды. Нәтижесінде чаттар арқылы жүргізілген тексеріс кезінде жануарлардың бір бөлігі Ақмола облысының тұрғынына тиесілі екені анықталды. Ол өз малын таныды», — деді Қарағанды облысы ПД криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары Мейіржан Сламбеков.