Таразда атыс шығарған адам діни экстремист емес. Қазір жарақат алған полиция қызметкері мен күдікті адам ауруханада жатыр.
Бұл туралы 24.kz хабарлайды.
ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Алмас Садубаевтың айтуынша, 19-маусымда күндізгі 16:30 шамасында қару алып жүру бойынша «Борышкер» жедел профилактикалық шарасы кезінде патрульге шыққан полицейлерге белгісіз біреу анықталмаған қарудан оқ атады.
– Күдіктіні ұстау барысында бір полицей жарақат алған. Қазіргі уақытта күдікті мен тәртіп сақшысы ауруханаға жеткізілді. Күдікті бұрын қылмыс жасаған тұлға ретінде есепте бар. Ішкі істер департаментінің лаңкестермен күрес басқармасының есебінде жоқ, діни экстремист емес. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын анықтау үшін шұғыл тергеу амалдары жүріп жатыр, – дейді ол.
Естеріңізге сала кетейік, 16-маусымда Ақмола облысының Бестөбе кентінде атыс болды. “Қазақалтын” АҚ қарасты шахтада кеншілер мен күзетшілер арасында төбелес болып, артынша оқ атылған.