Нұр-Сұлтан
Қазір
21
Ертең
20
USD
447
-0.91
EUR
476
-2.17
RUB
4.79
+0.03

Шымкентте «Қошқар ата» мерекесі тойланды

520

Қаланың қақ жарып жатқан, суы ең таза болып есептелетін Қошқар ата өзеніндегі бұлақ суының емдік шипасы зор деп саналады. Сондықтан жыл жаңаруының осы жерден басталуы тегін емес. Қазақ халқының ежелгі үрдісін жандандырып, ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрпын насихаттаудың бірден бір жолы, дейді шара ұйымдастырушылары. Ұмыт қалған мейрамда бір өзі бес қойдың етін беретін асыл тұқымды қойлардың көрмесі өтіп, қазақтың ұлттық спорт ойындары ұйымдастырылды.

Өңірдің бірқатар белсенділерінің ой тастауымен бастау алған шараны жұрт әртүрлі атайды. Бірі «Сейіл Қошқар ата», «Қошқар ата сейілі» десе, бүгінгі тойда тағылған маңдайшаларда «Саиль Қошқар ата» көктем мерекесі деп жазылыпты.

Дүркіреген той Наурыз мерекесіне қатысы жоқ, дейді ұйымдастырушылар. Асыл тұқымды қошқар мейрамының тарихы тереңде. Қыстан аман шыққан жұрт қыстаудан өзен бойына қоныстанатын болған. Ең ірі қошқарды құрбандыққа шалып, Алладан мал-жанның аман-саулығын тілеген екен.

Бұл тек оңтүстік өңіріне тән мейрам. Асыл тұқымды қойдың атауымен аталған мейрамның әлемде теңдесі жоқ, дейді ұйымдастырушылар. Кеңес дәуірінде құрдымға кеткен қошқардың тұқымы соңғы кездері жергілікті халықтың қолдауымен қайта қолға алынуда.

Биылғы ерекшелігі ретінде өңірдегі этно-мәдени бірлестіктердің ұйымдастыруымен «Наурыз пати» деген бөлімге заманауи ат берілген екен. Шымкент қаласы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Мұрат Базарқұловтың айтуынша, түрлі ұлт өкілдері Наурыз көжені өздігінше арнайы дайындап әкеліп, көпшілікке таратқан. Тойды өткізуге қала қазынасынан 2 миллион теңгеден астам қаражат жұмсалыпты. Ұмыт болған дәстүрді ұлықтаған күн келер жылы да жалғасын таппақ.

Жүз келілік қошқарды көтеру сайысына қаланың бірқатар тұрғындары арнайы дайындалып келіпті. Ауыр салмақты малды ең көп көтерген палуан, сол қошқарды үйіне арқалап кетеді.

Биыл Наурыз мерекесіне бүкіл түркі әлемі Түркістанға жиналады деп күтілуде. Халықаралық “ТҮРКСОЙ» тұрақты кеңесінің 34-отырысында Түркістан қаласын түркі әлемінің 2017 жылғы мәдени астанасы етіп бекіту туралы шешім қабылданған болатын. Ұлыстың ұлы күнін түркістандықтармен бірге еліміздің өзге өңірлері мен 20-дан астам мемлекеттің өкілдері қарсы алмақ. Ұланасыр тойға дайындық қызу үстінде.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз