Қызылордада 49 жастағы ер адам өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Оған 34 жастағы көршісі мен оның анасын пышақтап өлтірді деген айып тағылған, деп хабарлайды 365info.kz сайты «Алматы» телеарнасына сілтеме жасап.
Жантүршігерлік жағдай кәмелетке толмаған жасөспірімнің көзінше болған. Қайғылы оқиға қаңтар айында қаладағы көпқабатты тұрғын үйлердің бірінде тіркелген. Бүгін сот резонанстық іске соңғы нүктесін қойды.
«Сот үкімімен сотталушы Ш ҚР ҚК 99-бабының 2-бөлігімен 1,5-тармақтарымен, ҚК-тің 107-бабының 2-бөлігінің 8-тармағымен кінәлі деп танылып, ҚР ҚК-нің 58-бабы 4-бөлігі негізінде онша қатаң емес жазаны неғұрлым қатаң жазаға сіңіру арқылы түпкілікті өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына тағайындалады. Жазасын қылмыстық атқару жүйесінің төтенше қауіпсіз мекемесінде өтеу белгіленді», – деді Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты әкімшілігінің басшысы Ерлан Раушанбекұлы.