Алматыда «Boxy Wealth» атты қаржы пирамидасын ұйымдастыру ісі бойынша тергеу аяқталып, қылмыстық іс сотқа жолданды. Тергеу мәліметінше, күдікті бір жыл бойы интернет арқылы азаматтарды инвестициялық жобаға тартып, тәулігіне 5-10% табыс уәде еткен.
Қаржылық мониторинг агенттігі Алматы қаласында «Boxy Wealth» қаржы пирамидасын құру және оған басшылық ету фактісі бойынша тергеуді аяқтады. Тергеу барысында күдіктінің бір жыл бойы Алматы қаласы аумағында осы жобаның құрылымдық бөлімшесін басқарғаны анықталды. Жоба «www.boxywealth.com» интернет-ресурсы және мессенджерлер арқылы жұмыс істеген. Соның ішінде «Күнделікті табыс» чатында бастапқыда халық тұтынатын тауарлар туралы ақпарат таратылып, кейін азаматтарды инвестициялық платформаға тарту жүзеге асырылған.
Сонымен қатар жаңа қатысушыларды тартқаны үшін бонус берілетін рефералдық жүйе жұмыс істеген. Қаражаттарды қабылдау жеке тұлғалардың (дропперлердің) банк шоттары арқылы жүргізіліп, кейін P2P операциялар арқылы криптовалютаға аударылған. Сенім қалыптастыру мақсатында компания тіркеліп, кеңсе ашылған, жарнамалық жұмыстар жүргізілген, «табыс» көрсеткіштері көрсетіліп, салымшыларға кеңес беру ұйымдастырылған.
«Нәтижесінде 78 жәбірленуші қаржы пирамидасына 110 млн теңгеден астам қаражат салған. Күдікті қамауға алынды. Сот санкциясымен оның Алматы қаласындағы жер учаскесіне тыйым салынды. Қылмыстық іс сотқа жолданды. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды», – делінген Қаржылық мониторинг агенттігінің хабарламасында.
Қаржылық мониторинг агенттігі азаматтарға инвестициялық жобалардың заңдылығын мұқият тексеруді, ұсынылатын ақпараттың шынайылығын бағалауды және қаражат салмас бұрын ұйымдардың қызметінің заңды екеніне көз жеткізуді ұсынады.