Нұр-Сұлтан
Қазір
21
Ертең
17
USD
488
+0.83
EUR
553
-2.03
RUB
6.51
0.00

Қазақстан құрамасы Азия чемпионы атағын қайтарды

Осылайша қазақстандық шпагашылар құрлықтағы ең мықты команда екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Еске салсақ, 2024 жылы да Қазақстан құрамасы Кувейтте өткен Азия чемпионатында командалық жарыстың жеңімпазы болған еді.

Алтын медаль алған құрамда Ерлік Сертай, Кирилл Проходов, Никита Жулинский және Вадим Шарлаимов өнер көрсетті.

Қазақстан құрамасы жарысты 1/8 финалдан бастады. Алғашқы кездесуде Иран құрамасын 45:27 есебімен айқын жеңді. Ширек финалда Өзбекстан спортшыларынан 45:37 есебімен басым түсті.

Жартылай финалда қазақстандықтар Оңтүстік Корея құрамасымен кездесіп, 45:33 есебімен сенімді жеңіске жетті.

Ал алтын медаль тағдырын шешкен финалда қарсылас ретінде Жапония құрамасы шықты. Бұл команда – Токио Олимпиадасының чемпионы әрі Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері. Тартысты өткен шешуші кездесуде Қазақстан құрамасы басымдықты сақтап қалып, 45:40 есебімен жеңіске жетті.

Финал тағдырын шешкен 19 жастағы спортшы

Финалдық бәсекенің соңғы бөлігінде 19 жастағы Кирилл Проходов ерекше көзге түсті. Қазақстан құрамасының бапкерлері оған жапон командасының көшбасшысы, Токио Олимпиадасының командалық және Париж Олимпиадасының жеке сайыстағы чемпионы Коки Каноға қарсы шешуші кезеңді сеніп тапсырды.

Жас спортшы өзіне артылған сенімді толық ақтап, команда басымдығын сақтап қана қоймай, есеп айырмасын ұлғайта түсті. Нәтижесінде Қазақстан құрамасының жеңісіне шешуші үлес қосты.

Әлемдегі ең мықты құрамалардың бірі саналатын Жапонияны жеңу – қазақстандық семсерлесудің биылғы маусымдағы ең ірі жетістіктерінің бірі болды.

Жас құраманың жеңісі – үлкен жетістік

Қазақстан Республикасының мемлекеттік жаттықтырушысы Тимур Байтасов бұл жеңістің маңызын ерекше атап өтті.

Қазақстанның ерлер құрамасы халықаралық аренада жылдар бойы тұрақты нәтиже көрсетіп келеді. Біздің басты қарсыластарымыздың бірі әрдайым Жапония құрамасы болды. Олармен кездесулер ешқашан оңай өткен емес.

Бұл жолы алтын медальді жаңарған құраманың жеңіп алғаны ерекше қуантады. Жас спортшылар жоғары шеберлік деңгейін, мықты мінез бен жеңіске деген зор жігерін көрсетті. Олар турнирдің барлық кезеңінен абыроймен өтіп, Азия чемпионы атанды.

Бұл – қазақстандық семсерлесу тарихындағы үлкен жетістік. Спортшыларды, бапкерлер құрамын және жанкүйерлерді жеңіспен құттықтаймын, – деді ол.

Жүйелі жұмыстың жемісі

Қазақстандық шпагашылардың жетістігі ҚР Туризм және спорт министрлігі мен Қазақстан семсерлесу федерациясының, сондай-ақ «Sport Qory» қорының қолдауымен жүргізілген жүйелі жұмыстың нәтижесі.

Соңғы жылдары ұлттық құрамаларды күшейту, әлемдік деңгейдегі мамандарды тарту, халықаралық жарыстарға қатысуды арттыру және спортшыларды даярлау жүйесін жетілдіру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды.

Осы жұмыстың маңызды бөлігі ретінде ұлттық құрамамен әлемдегі ең тәжірибелі бапкерлердің бірі Александр Горбачук жұмыс істеп келеді.

Жеңіске жеткізген тактика

Александр Горбачуктың айтуынша, Азия чемпионатындағы табыс дұрыс дайындық пен тиімді тактиканың арқасында келген.

– Алтын медаль – өте жоғары нәтиже. Біз әлемдік рейтингте алдыңғы орындарда тұрған, соңғы жылдары Қазақстан құрамасына көп қиындық туғызған Жапония командасын жеңдік. Сондықтан бұл жеңісті де, жігіттердің өнерін де жоғары бағалаймын, – деді маман.

Оның айтуынша, команда құрамын үнемі талдап, спортшылардың өзара үйлесімін жетілдіру жеңіске жетудің маңызды факторына айналған.

– Біз әр спортшының ерекшелігін зерттеп, түрлі жағдайда кімнің тиімді екенін анықтаймыз. Маусым барысында немесе жарыс кезінде кейбір спортшылардың рөлі өзгеріп жататыны содан. Бұл кездейсоқ шешім емес, алдын ала ойластырылған стратегияның бір бөлігі, – дейді бапкер.

Никита Жулинскийдің алғашқы алтыны

Нью-Делиде өткен Азия чемпионаты Никита Жулинский үшін ересектер арасындағы алғашқы құрлық біріншілігі болды.

– Бұл менің алғашқы Азия чемпионатым. Бұған дейін тек әлем кубогы кезеңдерінде ғана өнер көрсеткенмін. Сондықтан бұл жеңістің эмоциясын сөзбен жеткізу қиын. Командалық жарыста ешкім жалғыз өзі жеңіске жете алмайды. Әр спортшы тек өзі үшін емес, бүкіл команда үшін күреседі. Бізді соңына дейін алға жетелеген де осы жауапкершілік болды. Бұл медальдің артында жылдар бойғы еңбек пен жаттығу жатыр. Сондықтан Азия чемпионы атанғанымызға ерекше қуаныштымын, – деді спортшы.

«Біз жеңеміз деп емес, күресеміз деп шықтық»

Олимпиада қатысушысы Ерлік Сертай финал алдында команда нәтижеден бұрын өз өнеріне көңіл бөлгенін айтты.

– Эмоциямызды сөзбен жеткізу қиын. Біз өте қуаныштымыз. Финал алдында өзара сөйлесіп, қарсыластың өте мықты екенін жақсы түсіндік. Бірақ алтын медаль немесе есеп туралы ойламауға келістік. Басты мақсат – әр ұпай үшін күресу және өз мүмкіндігімізді толық көрсету болды. Сол көзқарас жеңіске жеткізді деп ойлаймын. Біз бір-бірімізді қолдап, соңына дейін шайқастық. Әр спортшының бұл нәтижеге қосқан үлесі зор, – деді Ерлік Сертай.

Алда – әлем чемпионаты мен Азия ойындары

Нью-Делидегі жеңіске қарамастан, Қазақстан құрамасы енді алдағы ірі жарыстарға дайындықты бастайды.

Шпагашылар үшін маусымдағы негізгі сындар – әлем чемпионаты мен алдағы Азия ойындары.

Александр Горбачуктың айтуынша, қазіргі әлемдік шпагадағы бәсекелестік өте жоғары деңгейде.

– Әлемнің ең үздік жиырма командасының кез келгені жүлде үшін таласа алады. Жапония, Италия, Венгрия, Франция секілді көшбасшылар бар, бірақ қалған құрамалар да өте мықты. Сондықтан алда үлкен жұмыс күтіп тұр. Біз әрдайым медаль туралы ойлаймыз, алайда ең маңыздысы – дамуды тоқтатпау және әлемдік деңгейдегі жарыстарда өз деңгейімізді дәлелдей беру, – деді бапкер.

Нью-Делидегі жеңіс Қазақстанға соңғы үш жылдағы Азия чемпионаттарындағы екінші командалық алтынды сыйлады. Бұл нәтиже қазақстандық шпага мектебінің Азиядағы ең мықты мектептердің бірі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Серіктестер жаңалықтары
Көп қаралған
© «365 Info», 2014–2026 [email protected], +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз