Солтүстік Қазақстан облысы Ольшанка елді мекеніндегі №52 түзеу мекемесінің бұрынғы бастығы Рүстем Рахметовқа қатысты сот үкімі шықты. Іс материалдарына сәйкес, 45 жастағы экс-басшы жазасын жеңілдетуді сұраған сотталушыдан 200 мың теңге көлемінде қаражат талап еткен. Ол бұл ақшаны жоғары лауазымды тұлғаларға беремін деп алдап, шын мәнінде өз пайдасына жұмсамақ болған.
Алайда сотталған азамат Ұлттық қауіпсіздік комитетіне шағым түсірген. Нәтижесінде 19 ақпан күні арнайы белгіленген ақшаны алу сәтінде Рахметов өз пәтерінде қолға түсті. Сот барысында айыпталушы өз кінәсін толық мойындады. Петропавл қалалық сотының шешімімен оған 3 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды. Сонымен қатар ол «әділет подполковнигі» арнаулы шенінен айырылып, өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан шеттетілді.