Нұр-Сұлтан
Қазір
5
Ертең
10
USD
521
0.00
EUR
610
0.00
RUB
6.68
0.00

Forte Trio – құрлықтарды жалғастырған музыкалық көпір

Алжир қаласындағы концерт Қазақстан Республикасының Алжирдегі Елшілігі мен Алжирдің Мәдениет және өнер министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылды. Кешке Қазақстан Республикасының Алжирдегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Ануарбек Ахметов, дипломатиялық корпус өкілдері, мәдениет және өнер қайраткерлері қатысты. Сондай-ақ шараға Алжир Мәдениет және өнер министрлігінің аппарат басшысы Нассера Аяишия, Алжир Сыртқы істер министрінің мемлекеттік хатшысы Софьян Шаиб және опера театрларының директоры Мурад Сенуси арнайы келді.

Алжир опера театры сахнасында концерт аншлагпен өтті. 1400 орындық залдың лық толуы алжирлік көрерменнің қазақстандық академиялық өнерге деген ерекше қызығушылығын көрсетті. Заманауи мәдени орталық саналатын бұл театр халықаралық деңгейдегі жобаларды тұрақты қабылдайтын беделді өнер ордасы саналады.

Концерт бағдарламасы тыңдарманды музыкалық саяхатқа жетеледі. Еуропалық классикадан бастап заманауи шығармалар мен қазақ музыкасына дейінгі кең репертуар ұсынылды. FORTE TRIO орындауы жоғары ансамбльдік үйлесімімен, стильдік нақтылығымен және музыкалық мәтінге деген терең құрметімен ерекшеленді.

Кеш Алжир ұлттық симфониялық оркестрі сүйемелдеуімен өтті. Дирижёр — Алжир операсының музыкалық жетекшісі Лотфи Саиди. Ортақ орындау кәсіби шеберлік пен шығармашылық үндестіктің жоғары деңгейін көрсетті.

Концерттің ерекше сәттерінің бірі — бис кезінде орындалған алжирлік rai стиліндегі әуен болды. Бұл тосынсый көрерменнің зор ықыласына ие болып, залды ерекше әсерге бөледі.

Гастрольдік сапар Оран қаласында жалғасын тапты. Жерорта теңізі жағалауында орналасқан бұл қалада концерт Théâtre d’Oran сахнасында өтті. XIX–XX ғасырлар тоғысында салынған тарихи театрдың камералық атмосферасы ансамбльдің көркемдік икемділігін жаңа қырынан танытты.

FORTE TRIO концерттері алжирлік көрермен тарапынан жылы қабылданып, кең ақпараттық қолдауға ие болды. Жоба мәдени дипломатияның тиімді құрал екенін тағы бір мәрте дәлелдеп, Қазақстан мен Алжир арасындағы ынтымақтастықты дамытуға жаңа серпін берді.

FORTE TRIO құрамында — көркемдік жетекші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тимур Урманчеев (фортепиано), халықаралық байқаулардың лауреаттары Максат Джусупов (скрипка) және Мурат Нарбеков (виолончель). Музыканттар Қазақконцерт және Е. Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония артистері.

FORTE TRIO өнер көрсетуі ұжымның халықаралық деңгейдегі беделін айқындап қана қоймай, қазақстандық орындаушылық мектептің әлемдік сахнадағы сұранысын тағы бір мәрте дәлелдеді.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2026 [email protected], +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз