Шымкентте 20 жас шамасындағы ақыл-есі дамуы тежелген азаматтың жақындары іздестіріліп жатыр. Ол бес ай бұрын облыстық жүйке аурулары диспансеріне келіп түскен. Дәрігерлер науқастың аты-жөнін әлі күнге анықтай алмай отыр.
Туысқандары іздестіріліп жатқан жігіт қазір Шымкент қаласындағы арнайы емдеу мекемесіне жабылған.
Бұл жігіттің қылықтары бір қарағанда жас балаға ұқсайды. Ақыл есінің кемістігі болмаса, диспансердегі дәрігерлердің айтқанын бұлжытпай орындайды екен.
Ол ел қатарлы тамақтанады, дәрісін уақтылы қабылдайды, ұйықтайды. Сондықтан мұндағы мамандар „науқастың тәртібіне ешқандай шағым жоқ„ – дейді.
Бір ескеретіні, науқас ер адамдардан бойын аулақ тартып, сескенеді. Ал дәрігерлер оған зейіні дамымаған деген дигноз қойып отыр. Сондай-ақ, жігіттің жағдайы туралы ішкі істер қызметі органдарына хабарлама жөнелтілсе де, еш нәтиже бермеген.
Дәрігерлердің сөзіне сүйенсек, науқастың мұнда ұзақ бөгелуіне болмайды. Сондықтан жас жігітті біліп-таныған жандар болса, Шымкент қаласындағы жүйке аурулары диспансеріне хабарласса болады.