Шымкентте бір әйел үстіне бензин құйып, өзін-өзі өртеп жіберді. Ауруханаға шұғыл жеткізілген әйел денесінің 30 пайызын күйік шалыпты.
Оңтүстік Қазақстан облысы ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, биыл 8-тамызда шамамен сағат 13.35 минутта Шымкент қаласы ішкі істер депаратментінің Абай паркі маңында орналасқан полиция бекетіне паркте бір әйелдің өз-өзі өртеп жібергені туралы мәлімет келіп түскен.
Ол Шымкент қаласының 45 жастағы тұрғыны болып шықты. Үстіне жанар-жағармайға ұқсас сұйықтықты құйып, от қойған.
Әзірге, оқыс оқиға себебі айтылмай жатыр. Бейресми дерек бойынша, ол күйеуімен қатты ұрсысып қалған көрінеді.
Бұл оқыс оқиға Шымкент қаласының ішкі істер басқармасына қарасты Абай полиция бөлімшесінің бірыңғай тізіліміне тіркелді. ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабы, яғни „Өз-өзін өлтіруге жеткізу„ бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Қазір тәртіп сақшылары оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.