Рио-де-Жанейрода Олимпиада ойындары кезінде журналистерді тасымалдаушы автобусқа шабуыл жасалып, екі адам зардап шекті.
Бұл туралы ТАСС агенттігі хабарлады.
Жолаушылардың бірінің айтуынша, Деодоро олимпиада кластерінен бас баспасөз орталығына бағыт алған журналистер отырған автобусқа белгісіз біреулер оқ жаудырған. Салдарынан автобустың терезесі сынып,оның сынықтары екі адамды жарақаттаған.
Оқиға куәгерлерінің бірі тапаншадан екі рет оқ атылғанын естігенін айтады. Мұны автобуста болған америкалық екі журналсит те растайды.
Оқ дауысын естігінде автобустағылардың барлығы жерге жата қалған. Ал автобус тоқтамай, алға жылжи берген.
Қалай дегенмен де жергілікті полиция қарудан оқ атылды деген фактіні жоққа шығарып отыр. Олар автобусқа белгісіз біреулер тас лақтырып, терезелерін сындырды деген мәлімет таратып отыр.
The Guardian тілшісі Клэр Ригби де Twitter-дегі жеке парақшасында автобустағылар оқ дауысын естіген жоқ деп жазды.
Олимпиада ойындарының ұйымдастырушы комитеті тергеу жұмыстарын бастағанын мәлімдеді.