Нұр-Сұлтан
Қазір
10
Ертең
21
USD
475
+0.11
EUR
516
+0.21
RUB
5.5
-0.08

Ресейде төрт күндік жұмыс аптасын енгізу ұсынылды — халық қарсы

286

Аптасына төрт күн жұмыс істеу идеясын Ресей тәуелсіз кәсіподақтары ұсынды. Олардың пікірінше, бұған оңай қол жеткізуге болады. Жоғары еңбек өнімділігі мұны экономика үшін шығынсыз жасауға мүмкіндік береді. Мысал ретінде Еуропа елдері келтірілді. Аптасына 27 сағаттан 40 сағатқа дейін жұмыс істейтін елдердің әлеуметтік-экономикалық даму деңгейі жоғары. Жалпы алғанда әлемде жұмыс аз уақыт алуы керек деген үрдіс жүріп жатыр.

“Алайда біздің елде кәсіпорындар төрт күндік немесе үш күндік жұмыс аптасына шарасыздықтан көшуде. Бұл қаржылық қиындықтарға байланысты болады және қызметкерлердің еңбекақысын айтарлықтай қысқартуға әкеп соғады.

РТКФ еңбек және демалыс уақытын оңтайландыру құралы ретінде жұмыс аптасын қысқарту туралы идеяны қолдайды, бірақ бұрынғы жалақы мөлшері міндетті түрде сақталуы тиіс. Біз бұл мәселені Ресейлік әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үш жақты комиссияда қарастыруды ұсынамыз”, — деп мәлімдеді РТКФ Аппаратының әлеуметтік-еңбек қатынастары және әлеуметтік әріптестік департаменті басшысының орынбасары Елена Косаковская.

Өз ұсынысын кәсіподақ Ресей еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жіберді.

Еңбек министрлігі: кедергі жоқ

Еңбек министрлігі РТКФ ұсынысын аз уақытта бағамдап, пікір білдірді. Ведомствода хабарлағандай, жұмыс беруші бақылаушы органдардың келісімінсіз қысқартылған жұмыс аптасын орната алады  – заңнамада қарсылық жоқ.

“Қолданыстағы Еңбек кодексінде жұмыс аптасының ең көп ұзақтығы 40 сағаттан аспайтыны белгіленген. Бұл ретте төменгі шекара жоқ. Осылайша, әлеуметтік әріптестік (ұжымдық шарт) аясында ұйымдар тіпті бүгіннен бастап жұмыс күніндегі сағат саны мен жалпы жұмыс күнінің санын азайта алады”, — деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

Министрлікте бұл мәселе кәсіподақтар мен жұмыс берушілердің қатысуымен әлеуметтік әріптестік тараптары ретінде талқылауға жататынын атап өтті.

“Единая Россия”: талқылауға дайын

“Единая Россия” да бұл идеяны қолдай жөнелді. Мемлекеттік Думадағы партия фракциясы қыркүйек айында заң жобасын талқылауды бастауға дайын. Бұл туралы басшының бірінші орынбасары Андрей Исаев мәлімдеді.

“Төрт күндік жұмыс аптасын енгізу туралы бастаманы біз сөзсіз қолдаймыз. Бұл адамдарға отбасымен көбірек уақыт өткізуге, өз-өзін жетілдіруге немесе денсаулығына көңіл бөлуге, мысалы, диспансеризациядан өтуге мүмкіндік береді”, – дейді Исаев.

Сонымен қатар, депутат жаңа енгізілім жалақы деңгейі сақталған жағдайда ғана қарастырылатынын атап өтті.

“Жалақы бұрынғыдай қалып, бағаның өсуіне байланысты және кәсіпорындар мен мемлекеттік бюджеттің мүмкіндігіне қарай индекстелуі тиіс”, — деді ол.

Алайда, шешім бір сағатта қабылдана салуын күтуге болмайды. Төрт күндік жұмыс аптасына көшу экономика мүмкіндіктеріне сәйкес және жұмыс берушілер үшін күйзеліссіз өтуі тиіс.

Премьер-министр: бұл уақыт талабы

Кәсіподақтар идеясын креативті деп атауға болмайды. Тіпті бастаманың өзі РФ премьер-министрі Дмитрий Медведевтің Халықаралық еңбек конференциясында маусым айында сөйлеген сөзіне жауап десе болады. Ол сонда “болашақ – төрт күндік жұмыс аптасы” деп мәлімдеген болатын.

“Табысты болуға үздіксіз талпыныс қалжырау мен созылмалы стресске әкеледі, — деді ол кезде Медведев. — Адамдар кейде жұмыста таусылып бітеді. Осының барлығы еңбек өнімділігінің төмендеуіне әкеледі, бұл өз кезегінде экономикалық көрсеткіштерге әсер етеді”.

Ресей Министрлер кабинетінің басшысы дәлел ретінде бірнеше мысалдар келтірді: XX ғасырдың басындағы Генри Фордтың корпорациясынан бастап заманауи жаңа зеландиялық компанияларға дейін.

“Бізге жұмыс күні мен жұмыс орны сияқты негізгі ұғымдарға жаңа амалдар қажет. Әңгіме жұмыс уақытын барынша адал ұйымдастыру туралы болып отыр: икемді графиктер, қашықтық форматтар, қажеттілігіне қарай қызметкерлерді шақыру <…> жоғары технологиялардың арқасында өмір ыңғайлы, жалдау және іс жүргізу процедуралары да ыңғайлы болуы тиіс”, — деп атап өтті Медведев.

Сонымен қатар, жұмыс аптасын қысқарту кезінде ол қоғамдық наразылықпен күресудің бір нұсқасын көреді.

“Алдыңғы буынды жігерлендірген мотивация жүйесі қазіргі ұрпаққа жүрмейді”, — деді Медведев.

Халық: бәрі дайын емес

Әзірге билік жұмыс аптасының ұзақтығын азайту мәселесін талқылауға дайын, алайда ресейліктер бұл идеяға күмәнмен қарайды. Маусым айында Бүкілресейлік қоғамдық пікірді зерттеу орталығы әлеуметтік сауалнама жүргізді, оның нәтижесі бойынша ресейліктердің жартысына жуығы қарсы болып шықты.

“Төрт күндік жұмыс аптасы идеясын ресейліктер (48%) классикалық бес күндікке балама ретінде қолдамайды. Төрт күндікке өтуге сұралғандардың үштен бір бөлігі (29%) оң қарар еді. Негізінен бұл Мәскеу мен Санкт-Петербург тұрғындары (36%), миллиондаған қалалар (34%) және 25-34 жастағы азаматтар (39%).

Жұмыс аптасы қысқара ма, жоқ па — әрбір бесінші адам бәрібір деп жауап берген (17%)

Мұндай пікірді 18-24 жас аралығындағы жастар жиі ұстанады (35%)”, – деп түсіндірілген Бүкілресейлік қоғамдық пікірді зерттеу орталығының хабарламасында.

Респонденттердің 53% ы жұмыс аптасының қысқаруы халықтың денсаулығын жақсартуға әсер етуі екіталай деп есептейді. 37% жұмыс орнында аз уақыт өткізгеннің ешқандай оң салдарын көрмейтінін айтқан.

Ресейліктер теріс жақтарын көбірек байқаған.

Ең алдымен бұл жалақының және жалпы өмір сүру деңгейінің төмендеуі, бағаның өсуі (43%), түрлі әлеуметтік аурулардың жайылуы (14%).

Сонымен,

сұралғандардың басым көбі (82%) төрт күнге ауысқан жағдайда қызметкерлердің жалақысы төмендейтініне сенімді.

Сонымен қатар, сұралғандардың 67%-ы жұмыс аптасының қысқаруы өндіріс көлемінің төмендеуіне әкеледі деп сенеді. Бұл тезисті ауыл тұрғындары жиі қолдайды (72%).

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 [email protected], +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз