«Қазгидромет» РМК мамандары Қазақстан бойынша 27-28 маусымға арналған ауа райы болжамын жариялады. Жуырда ел аумағының басым бөлігіне циклон әсер етеді.
Синоптиктердің мәліметінше, еліміздің батыс және солтүстік-батыс өңірлерінде найзағай болып, нөсер жаңбыр жауады. Бұршақ түсіп, қатты жел соғады.
Жаңбыр қарқыны 27 маусымда оңтүстік-батыста, 27-29 маусым күндері солтүстік-батыста, 28-29 маусым күндері еліміздің батысында, солтүстігінде қатты болады. Еліміздің шығысы мен солтүстік-шығысында ғана ауа райы жауын-шашынсыз болады. Елімізде аптап ыстықтың беті 27 маусым күні солтүстік-батыста, 28-29 маусым оңтүстікте, 29 маусым солтүстікте, орталықта қайтады. Еліміздің шығысында, оңтүстік-шығысында +40+43°С градусқа дейін аптап ыстық сақталады.