Нұр-Сұлтан
Қазір
9
Ертең
8
USD
444
-0.47
EUR
475
+0.97
RUB
4.8
+0.04

“Педиатрларды қайтарыңдар!”. Сағынтаев осылай деп жатыр

Ересектер мен балалар емханасы біріккеннен кейінгі бір жылдан бері жұрттың көрген күні осы. Ауырып, шырылдаған баласын көтерген аналар  ұзын-сонар кезек күтуге мәжбүр. Жалпыға ортақ жалғыз дәрігер болса, алдына келген қартты не бүлдіршіннің қайсысын бірінші қарарын білмейді. Науқас көп, кадр тапшы. Тұрғындарды  әбден ығыр қылған педиатрлар  мәселесіне вице-премьер Иманғали Тасмағамбетовтің  өзі араласып, үкімет отырысында көтерді.

Иманғали Тасмағамбетов, ҚР премьер-министрінің орынбасары:

-Мәселен, медициналық университетті  2014 жылы небары 7 балалар дәрігері  бітірген. Бүлдіршіндерді емдейтін маман қалмай  барады.  Әсіресе, ауылдарда  он мың адамға бір дәрігерден келеді.

Өйткені еліміздегі медициналық оқу орындарындағы педиатрларды дайындайтын  факультеттер  үш жыл бұрын жабылып қалған.  Содан бері балалар дәрігері  болу үшін студент қосымша оқуы тиіс. Ал онсыз да он жылға жуық уақытын медициналық академия қабырғасында  өткізетін  студенттер оған құлықсыз.

Бақытжан Сағынтаев, ҚР премьер-министрі:

-Дәрігерлердің қателігінен келген зардаптан асқан қайғы жоқ. Ал баланың денсаулығына екі есе жауапкершілікпен қарауымыз тиіс.  Сондықтан Тамара Дүйсенова мен Ерлан Сағадиевке қыркүйектен бастап педиатрларды дайындайтын факультеттерді қайта ашуды тапсырамын.

Педиатрияның жабылғаны үшін кімнің жазаланары белгісіз. Анығы – үлкен дау шыққаннан кейінгі бір жылдан соң факультет қайта ашылып, кадр әзірлеуге кіріспек.  Сондай-ақ, бүгін медицина жайы талқыланған  Үкімет отырысында  дәрі-дәрмек жеткізу мәселесі де сөз болды. Маман тапшылығынан бөлек, науқастарға  дер кезінде дәрі жеткізу де мұң болып тұр.

Бақыт Түменова, «Аман-саулық»  қоғамдық қорының президенті:

-Аймақтарға  препараттар уақытылы жеткізілмейді.  Шенеуніктер  «тендер кеш өтті», «жергілікті бюджетте ақша жоқ»  деп сан сылтау айтады. Ал егде жастағы,  ауыр халдегі науқастар дәріні үзбей ішуі  керек. Тұрғындар  өте наразы.

Мұны естіген Сағынтаев мүлдем ашуланды. Қазынадан қажетті  қаржы бөлінсе де, дайын  дәріні  науқастарға жеткізіп бере  алмай отырған «СК Фармация»   компаниясын сынға алды.

Бақытжан Сағынтаев, ҚР премьер-министрі:

-Бұл компанияның басшыларын қызметтерін қуу керек. Ауырып жүрген науқастарды мүлдем ойламайды. Не ойлап жүретіндерін түсінбеймін.

Енді еліміздегі адам денсаулығына жүрдім-бардым қараған фармацевтикалық  компаниялардың басшылары шетінен жұмыссыз қалуы ғажап емес. Ал  педиатрларға келсек, келесі жылы  дүрбелең басталғалы тұр.  Себебі, Денсаулық сақтау және Білім министрліктері жоғары білім беру жүйесін реформалап, емханалардағы дәрігерлердің штатын қайта қарауы тиіс.

baa245c3-7d4d-498b-9747-9957662a1379_w987_r1_s

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз