Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) 23 тамызда өтетін Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауына дайындықты бастады. Алғашқы отырыста сайлау науқанының күнтізбелік жоспары, сайлаушылар тізімімен жұмыс істеу тәртібі бекітіліп, сайлаудың негізгі ережелері түсіндірілді.
Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, сайлаушылар тізіміне Қазақстанның 12 561 644 азаматы енгізілген. Дауыс беру еліміз бойынша 10 427 сайлау учаскесінде өтеді. Оның ішінде 64 мемлекетте орналасқан 82 шетелдік сайлау учаскесі жұмыс істейді.
Алғашқы Құрылтай құрамына бірыңғай жалпыұлттық сайлау округі бойынша пропорционалды жүйемен сайланатын 145 депутат кіреді. Олардың өкілет мерзімі – бес жыл. Сайлауалды үгіт-насихат 22 шілде күні сағат 18:00-ден кейін басталып, 22 тамыз күні сағат 00:00-де аяқталады.
«Саяси партияны қолдауға немесе оған қарсы дауыс беруге шақыру тек заңда белгіленген сайлауалды үгіт кезеңінде рұқсат етіледі. Үгіт-насихатты белгіленген мерзімге дейін, сондай-ақ тыныштық күні мен дауыс беру күні жүргізуге заңмен тыйым салынған», – деді Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүйіндік.
Сонымен қатар саяси партияларға алғаш рет өздерінің ресми сайттары мен әлеуметтік желілердегі парақшаларында сайлауалды үгіт жүргізуге рұқсат берілді. Ал дауыс беру күні толтырылған сайлау бюллетенін суретке түсіруге және мұндай фотосуреттерді таратуға тыйым салынады.