ҚР Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінен жүргізілген тексерістердің қорытындысы бойынша неліктен бірде-бір қылмыстық іс қозғалмағанын сұрады.
“Материалдарды құқық қорғау органдарына өткізетіндеріңізді айтасыздар. Алайда өткен жылы материалдарыңыз бойынша бірде-бір айыптау үкімі шығарылмады. Елде сотқа тікелей шыға алатын жалғыз құзырлы орган болсаңыздар да, сіздерден сот инстанциясына бірде-бір хабар түспеді. Тіпті берген материалдарыңыз бойынша да сотқа жетпейді. Көп жағдайда бұл істер жолданған материалдардың сапасы нашар болғандықтан сотқа жетпейді”, – деді Нұрлан Нығматулин Мәжілістегі жалпы отырыста Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы Нұрмұхамбет Әбдібековке.
“Мұнда тексеру процесі емес, оның нәтижесі – өтелген шығын көлемі, заңбұзушылық бойынша жауапқа тартылғандардың саны маңызды (…) Жүздеген миллиардтың жымқырылғанын елге жар салып айттыңыздар. Ал нәтижесінде дым да жоқ”, – дейді Мәжіліс спикері.
Нұрмұхамбет Әбдібеков бұл сұраққа 2016 жылдың қорытындысы бойынша анықталған қылмыстар бойынша бірінші кезекте анықталған заңбұзушылықтарды жою үшін нысандарды бақылау бойынша ұйғарым берілетінін айтып, түсіндірді.