Нұр-Сұлтан
Қазір
-1
Ертең
-16
USD
492
0.00
EUR
530
0.00
RUB
5.05
0.00

Мұхтархан Ділдәбеков: Ауыр салмақта тәрбиелеп шығуға болатын боксшы іздеп жүрмін

122

Мұхтархан Қабыланбекұлы боксқа кеш келді. Соған қарамастан талай жетістіктерге қол жеткізді. Бала күнінде қазақтың ұлттық ойыны көкпарды жанына серік етіп, білекті әрі жүректі жігіт болып қалыптасты. Рингте қарсыластарын қара күшпен құлаштап ұрғанда, есеңгіретіп жіберетін. Оған шетелдік талай мамандар таңдай қақты. Қарсыластары тайсақтады. Танымал спортшының өмірі мен бүгінгі жетістіктерін білу үшін оны әңгімеге тартқан едік

– Мұхтархан Қабыланбекұлы, ең алдымен боксқа қалай келгеніңізді айтып беріңізші?

– Боксқа келуім қызық болды. Бала кезімде аттың құлағында ойнап өстім. Көкпарға деген қызығушылығым ерекше еді. Бар арманымды көкпармен байланыстырып жүрген болатынмын. Бірақ, тез арада бәрі өзгеріп шыға келді. Бір күні Ерхан деген екінші ағам «қыдыртамын» деп мені қалаға әкелді. Қыдырдық, қаланы жақсылап араладық, көрдік. Арада бір аптадай уақыт өтті. Алайда ағам қайтуға асықпады. Мен болсам ауылға кеткім келіп жүрді. Әйтеуір, кетуге дайындалдым. Олар болса мені жібергісі жоқ. Олар дегенім, екінші ағамның қасына қалаға келген соң үшінші ағам – Темірхан да қосылған еді. Сол ағам менен қай спортқа қызығатынымды сұрай бастады. Мен бәріне «жоқ» деймін. Қаладан тынысым тарылып барады. Ауылда атқа мініп, қиқу салып, ары да, бері де алаңсыз шауып жүрген жігіт емеспіз бе?! Қалада құдды бір тұсауланып қалғандай күй кештім. Алайда, ағаларым райларынан қайтар емес. Сонымен не керек, ойланып отырып балалық кезде бір-екі қатарластарымды ұрғанымды есіме түсіріп, «боксқа барамын» дедім (күліп). Сөйтіп, 19 жасымда бокс табалдырығын аттадым. Кейіннен білсем, менің спортқа баруымды үйдегілер ойластырып, алдын ала шешіп қойған екен. Әрине, бастапқы кезде бокс мектебіне үйрену оңайға соқпады. Себебі, балалар мен жасөспірімдер жолынан өтпегенім бар. Бұл дегеніңіз бастауышты оқымай, бірден жоғары сыныпқа келгенмен бірдей ғой. Рас, қара күшім тасып тұрды. Бірақ, күш болса – ұра бер, деген қағида жоқ. Бокстың өз әліппесі бар екен. Осы жолдан мені бапкерім Нұрғали Сафиуллин ыждағатпен өткізе білді. Маған үлкен сенім артты. Бапкерімнің сеніміне селкеу түсірмей, бес ай ішінде облыс чемпионы атандым. Сөйтіп, жастар арасындағы КСРО чемпионы Серік Өмірбековтың өзіне қарсылас болып шыға келдім. Осы боксшымен жұдырықтасып жүріп, тәжірибе жинадым. Боксқа кеш келсем де, бағым жанды.

– Сіз туралы әңгіме қозғалғанда, Сидней Олимпиадасын айналып өту мүмкін емес. Олимпиадаға қатысуыңыз туралы айтып берсеңіз?

– Сидней Олимпиадасына барар тұста қарсыластарымның қарымын байқау үшін бәрімен бокстасып көрдім. Нұрғали ағай екеуміз жарты жыл бойы бірге жұмыс істедік. Артық тұстарын байқап, кемшіліктерін іздедік. Бірақ, ағылшындық Эдли Харрисонды ескермеппіз. Оны Олимпиадаға қатысады деп ойламадық. Негізінде Сидней Олимпиадасына лицензия алудың өзі оңайға соқпады. Ал Олимпиада кезінде ширек финалда кубалық қабылан Рубалкаба алдымнан шықты. Бәрі мен үшін бұл Олимпиада осы жерден аяқталғанын айтып жатты. Олай дейтін себептері де бар еді. Өйткені, оған дейін Рубалкабадан екі рет жеңілген болатынмын. Оның үстіне, алғашқы айналымда ол қарсыласын еденге сұлатып түсірді. Оны рингтен көтеріп әкетуге мәжбүр болды. Бірақ, мен өзімді іштей берік ұстадым. Рубалкабаның соққысынан тайсақтасам да, өзінен қаймыққан жоқпын. Нәтижесінде азулы қарсыласымды сан соқтырдым. Жартылай финалда өзбестандық Рустам Саидовпен кездестім. Ол да өте тәжірибелі боксшы. Оған да көп күш жұмсадым. Шаршаңқырап қалдым. Содан болар ақтық сында ағылшындық Харрисонға есе жіберіп қойдым. Кім біледі, мүмкін онымен алдында бокстасып көргенімде, финалда жеңер ме едім.

– Айналдырған бес жылдың ішінде Олимпиаданың «күмісін» еншіледіңіз. Мұндай жетістікке жетуіңіздің сыры неде?

– Ең әуелі, Алланың арқасы. Одан кейін ата-анам, бауырларым және бапкерлерімді алға тартар едім. Яғни, жетістіктерге тек өзімнің күшіммен жеткен жоқпын. Бұл жерде көп адамның еңбегі бар. Мен олардың ешқайсысын ұмытқаным жоқ. Бәрі жүрегімнің түбінде сақтаулы тұр. Осы ретте қандай да бір нәтижеге қол жеткізу – әр спортшының өзіне байланысты дер едім. Мәселен, бокс мектебіне алғаш қатысып жүрген кезімде оны тастап кетпекші де болғанмын. «Мен не үшін жүрмін, осы жасап жатқанымның берері бар ма?» дейтінмін. Өз-өзіме сұрақ қоя бастадым. Сұрақ қоюмен қатар, уақыт өте келе өзімнен есеп алуды да үйрендім. Сөйтіп, қасымдағылардан екі-үш есе артық жаттығу жасауға көштім. Сенімім мені алдаған жоқ. Барлық бақыттың кілті еңбекте жатыр екен.

– Боксқа кеш келіп біршама нәтижеге қол жеткіздіңіз. Ерте келгенімде бұдан да биік белестерді бағындырар едім деген ойда болдыңыз ба?

– Жоқ, мүлдем өкінбеймін.

– Бапкеріңіз Нұрғали Сафиуллин сізді қалай жігерлендіруші еді?

– Ол кісі мені көкпар тартып жүргендей тәрбиелейтін. Көкпардағы әдістерді айтып айғайлап жататын. Ринг түбінде де осылай айғайлап жатқанын талай естідік. Әрине, бапкер үшін оңай емес. Содан болар бапкерім мені ринг төріне көкпарға салған шабандоз сияқты жіберетін. Жетістікке жету жолында қолынан келгенін бәрін жасады. Мен ол кісіні қатты құрметтеймін.

– Кәсіпқой боксқа баруға мүмкіндігіңіз бар еді. Өзіңізді неге сынап көрмедіңіз?

– Маған Канада, АҚШ тағы басқа елдерден ұсыныс көп түсті. Тіпті, келісімшарт жасасып қойып, райымнан қайттым. Қайттым емес, қайтарды десем де болады. Ата-анам үзілді-кесілді қарсы болды. Ал мен ол кісілердің сөзінен аттап көрген жан емеспін. Бәріне бірден нүкте қойдым.

– Спорт мектебіне басшылыққа келгеніңізге де біраз жылдың жүзі болды. Қандай жетістіктерге жеттіңіз? Ауыл боксына қаншалықты көңіл бөліп отырсыздар?

– Спорт мектебімізде талай өрендер қанаттарын қатайтып жатыр. Бірінші баспалдақты біз бастырамыз ғой. Сондықтан жауапкершілік жоғары. Келген баламен жақсы жұмыс істеп, оның қызығушылығын арттыра түсу қажет. Солардың нәтижесі болар, жеткен жетістіктер де жоқ емес. Мәселен, танымал боксшылар Закир Сафиуллин мен Нұрғазы Жүсіпов біздің мектептен түлеп ұшты. Одан бөлек, Болгарияда өткен жастар арасында әлем чемпионатындағы Шалқар Айқынбайдың «алтынын», Сұлтан Зауырбектің «күмісін» айтуға болады. Негізінде бізде ұлдардан гөрі қыздардың нәтижесі жақсы болып келе жатқан сияқты. Атап айтсақ, біздің мектептің түлегі Жайна Шекербекованың өзі не тұрады! Одан күтеріміз көп. Жайнаның жолын қуып келе жатқан Севара Тәжіқұлова, Любовь Хасиева, Мадина Нұршаева сынды қыздарымыз бар. Ал ауыл спорты жайлы айтар болсам, барлық аудандарда бокстың қанат жаюына ықпал етудеміз. Келешектен үміт күтетін болсақ, ауыл спортын дамытуымыз керек. Бала күнімде бір дөңеске шығып алып, көп нәрсені армандаушы едім. Мен сияқты ауылда ойға шомып жүрген балалар көп деп ойлаймын. Солардың өз армандарына қол жеткізуіне жол ашқым келеді.

– Өзіңіз тәрбиелеп отырған боксшыларыңыздың арасында Бекзат Саттархановтың жетістігін қайталайтын шәкірттеріңіз бар ма?

– Қай спорт түрі болмасын, әр спортшы бала кезінде біреуге еліктеп келеді. Мәселен, менің шәкірттерімнің көбісі «Бекзат ағамыздай боламыз» дейді. Көкейлерінде бала армандары сайрап тұр. Сол себепті араларында Бекзаттың жетістігін қайталайтындары жүрген де шығар. Бәрі алдағы күндердің еншісінде ғой. Мына шәкіртім Бекзат бағындырған белесті бағындырады деп кесіп айта алмаймын. Өйткені, түрлі жағдайлар болуы мүмкін. Боксты жарты жолдан тастап кететіндер де бар. Біреуінің денсаулығы сыр берсе, біреуінің шыдамдылығы сыр беріп жатады…

– Бүгінгі қазақ боксына толықтай көңіліңіз тола ма?

– Әрине. Біз жауынгер, ер жүректі халықтың ұрпағымыз. Жекпе-жекте қарсыластың аяғын аспаннан келтіру – бойымызға ата-бабамыздан сіңген қасиет. – Ізіңізден келе жатқан жас спортшыларға қандай ақыл айтар едіңіз? – Көп еңбектену қажет. Төгілген тер зая кетпейді. Бұған анық көзім жетті. Одан бөлек, бапкермен етене араласып, оның тапсырмаларын мұқият орындаған жөн. Жетістікті сабырмен күте білу керектігін айтқым келеді. Бірақ, талпынысты тоқтатып қоймау керек.

– Естуімізше, ұл-қыздарыңызды мектеп пен балабақшаға өзіңіз апарып, алып келуге уақыт табады екенсіз. Соған қарағанда оларға көбірек көңіл бөлетін болғаныңыз ғой…

– Рас айтасыз. Мен балаларыма көп көңіл бөлемін. Есіме анық түспей тұр. Әйтеуір, шетелде бір жарыста жүрген кезім болатын. Автобустың терезесінен сыртқа зер салып отыр едім, бір мезет жол бойындағы бір жанұяға көзім түсті. Кішкентай бүлдіршіндер ата-анасының қолынан ұстап, тізбектеліп кетіп бара жатыр екен. Бұл көрініс маған қатты әсер етті. «Менің де осындай көп бала-шағам болса ғой» деген едім. Алла тілеуімді берді. «Адамның өмірі ниетіне қарай өрбиді» деген сөз рас екен. Екі ұл, бес қызым бар. Солардың қызығын көруді жазсын!

– Ұлдарыңыздың бойынан спортқа деген қызушылық байқалады ма? Жолыңызды қуамын десе, қалай қарайсыз?

– Бала кезімізде біз кім болмадық. Не көрсек, осындай боламын деп шыға келуші едік қой. Сол сияқты ұлымды атқа мінгізсем – «көкпаршы», шаршы алаңға әкелсем – «боксшы болам» дейді. Не нәрсені таңдаса да, мен қарсылық танытпаймын. Керісінше, қолдау көрсетемін.

– Болашаққа қандай жоспарларыңыз бар?

– Жоспар өте көп. Ең бастысы, тәрбиелеп жатқан шәкірттерім әлемдік ареналарда топ жарса деймін. Одан бөлек, менен кейін өңірімізде аса ауыр салмақта ешқандай боксшы атой салмай жүр. Осы іспен айналысып та жүрмін. Тіпті, оларды тек облыс пен республикадан ғана емес, көрші елдерден де іздеп жүрген жайым бар.

Айнұр Ақбаева

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз