Магистратура мен докторантураға түсу үшін шет тілі бойынша емтиханды қайтадан тапсырудың қажеті жоқ. Мұндай мүмкіндік жаңадан енгізілген ережеде қаралған.
ҚР Білім және ғылым министрлігінің ресми сайтында келтірілген дерекке сүйенсек, магистратура мен докторантураға түсу үшін екі сыннан өту керек болады. Біріншісі – қалауыңыз бойынша шет тілінен өтетін емтихан, ал екіншісі – мамандық бойынша сынақ. Егер қолыңызда шет тілін меңгергеніңізді растайтын сертификат болса, автоматты түрде бірінші емтиханнан босатыласыз. Оған IELTS, TОEFL сынды өзге де құжаттар жарай береді.
Білім және ғылым министрлігі өкілдерінің айтуынша, бұл орындар Үдемелі индустриялық даму бағдарламасына керек мамандықтарды қамтуға арналып отыр. Ал биыл докторантураға 628 орын бөлінген.
Наужан Дидарбекова, Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаменті бас сарапшысының міндетін атқарушы:
– Докторантурада оқу ақылы негізде жүзеге асырылатын болды. Оған кемінде үш жыл еңбек өтілі бар, магистр дәрежесі және медицина мамандықтары бойынша резидентурада оқуын бітірген адамдар қабылданатын болады. Құжаттарды тапсыру 10 шілдеден 30 шілдеге дейін жүзеге асады. Қабылау емтихандары 10 тамыз бен 20 тамыз аралығында өтеді. Жалпы, магистранттар мен докторанттарды жоғары оқу орнына қабылдау 25 тамызға дейін жүзеге асады.