Мединада Пайғамбар мешіті ғимараты алдындағы көлік тұрағында жанкешті жарылғышты іске қосып, соның салдарынан төрт күзетші қаза тауып, бесеуі жарақат алды.
Бұл туралы Сауд Арабиясы Ішкі істер министрлігіне сілтеме жасай отырып, Би-Би-Си агенттігі хабарлайды.
Оқиға дүйсенбі кешке қарай қажылыққа барған мыңдаған адам кешкі намазға бет алғанда болған. Пайғамбар мешіті (Масджид ан-Набави) – Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с) жерленген мұсылмандар үшін қасиетті орын. Медина – ислам үшін Меккеден кейінгі маңызды қала.
Алдында дүйсенбі күні араб елінің шығысындағы Катиф және Жидда қалаларында жарылыс болған. Бірі шейіттердің мешіті маңында, тағы бірі АҚШ елшілігі жанында орын алған. Жиддадағы жарылыс салдарынан екі күзетші зардап шеккен.
– Ал қасиетті Ораза айында киелі мекен – Мединаның лаңкестердің назарына ілінуін әлемнің барша мұсылман қауымын жаға ұстатып отыр, – дейді Би-БИ-Си Бүкіләлемдік қызметінің Таяу шығыс бағдарламасының редакторы Алан Джонстон. Оның айтуынша, бұл жарылыстарды көптеген мемлекетке тыйым салынған лаңкестік топ ДАИШ ұйымдастырған болуы мүмкін.