Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданына қарасты ауруханада жұмыс істейтін жас маманды әріптесінің өлімші етіп сабап, ауыл шетіндегі жол жиегінде ес-түссіз жағдайда қалдырып кетуі елді дүрліктірді.
Аурухананың бас дәрігері Марат Білейменовтың айтуынша, бұрын-соңды ауруханада мұндай масқара жайт болмаған.
– Жас маман Олжас Нұрғалиев пен Бауыржан Құмарғалиев арасында болған жағдайдан мен де, аурухана ұжымы да абдырап қалды. Олжастың жас маман әрі жұмысына жауапты, тиянақты қарағаны рас. Келгеннен бастап, ұжымға бірден сіңісіп кетті. Ал Бауыржан бірнеше жылдық тәжірбиесі бар білікті маман қатарынан болды, – дейді бас дәрігер Марат Білейменов.
Әзірге, Бауыржан Құмарғалиевке аурухана басшылығы ешқандай шара немесе жаза қолдана алмайды екен. Мұны бас дәрігер растады.
– Қазір екі дәрігер арасында болған жағдайға қатысты аудандық ішкі істер бөлімінде тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Ондайда аурухана басшылығы ешқандай шара қолдана алмайды. Бірақ бұл, іс жауапсыз қалдырылады деген сөз емес, яғни, құқықтық құзірет берілгенде, біз бұл мәселеге байланысты қандай да бір шара қолданатын боламыз, – деді Марат Білейменов.