Шымкенттік саяхатшы Фархат Ганиевтің Оңтүстік Корея елінің кеденшілеріне деген өкпесі қара қазандай. Айтуынша, ол осыдан тура екі жыл бұрын сол елге демалуға барған. Сол кездегі жағдай әлі өзгермепті, дейді саяхатшы.
Фархат Ганиев
Ташкент-Инчхон бағытымен ұшқан азаматтың айтуынша, корейліктер біздің елдің азаматтарын жертөледе екі күн бойы аш ұстаған.
– Бізді, азиаттарды адам құрлы көрмейді екен. 17-қаңтарда оралдым. Екі тәулікке жуық бізді подвалда ұстады. Су ішіп жанымыз қалды. Басқа түк жоқ. Аядай бір бөлмеде бәрімізді топырлатып ұстап, жауаптың астына алды. Қайда, не үшін, кімге барасың? Әрі қарай қайда барасың деген сауалмен жанымды алды. Жерде жатып ұйықтадық. Ешкімнен жауап ала алмайсың. Жанымызда емделуге барған мүгедек арбадағы кісілер болды. Айтарға сөзім жоқ. Мал құрлы көрмеді бізді. Екі жыл бұрын да Сеулге барғам. Онда да осы азап болған. Қазақстанның адамдарын олар адам құрлы көрмей ме? Құрысын, енді қайтып онда бармайтындай болдым, дейді Фархат Ганиев.