Нұр-Сұлтан
Қазір
5
Ертең
-2
USD
449
-1.43
EUR
484
-3.48
RUB
4.86
0.00

«Қазақ тілі әлі тәуелсіздік ала қойған жоқ» — ауыл ұстазы

386

Қазақстандағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі әлі тәуелсіздік ала қойған жоқ, деп пайымдаған ұстаз оған төмендегі мысалдарды келтіріпті. Аталған мақаланы сәл ықшамдап, оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік:

«Дружба народов» журналының бір санында «Русский язык на просторах СНГ» деген мақала жарияланды. Бұл мақаланың авторы біреу емес бірнешеу және бәрі де ғалымдар. Сол ғалымдардың зерттеуіне сенсек,

ТМД елдерінде «лингвистикалық соғыс» жүріп жатыр. Яғни, осы елдердегі жергілікті ұлттың тілі мен орыс тілі жан алысып, жан берісіп «соғысып» жатыр екен.

Сонымен, ТМД елдеріндегі «лингвистикалық соғыста» орыс тілі жеңіп жатыр ма? Зерттеудің нәтижесіне сай,

орыс тілі Қазақстанда, Қырғызстанда және Әзірбайжанда зор жеңіске жетіпті.

Бұл елдерде орыс тілі титулды ұлттардың тілін (қазақ тілін, қырғыз тілін, әзірбайжан тілін) қирата жеңу үстінде.

Ал Грузияда, Балтық бойы мемлекеттерінде орыс тілі титулды ұлттың тілінен ойсырай жеңіліпті және бұдан былай да бас көтере алмайтын сыңайлы.

Өзбекстанда, Тәжікстанда – «итжығыс», Украинада «лингвистикалық соғыс» қатты үдеп тұр. Бірақ болжам бойынша, орыс тілі бұл соғыста үстем болуы тиіс.

Қазақ тілі ауыл деңгейінен аса алмай келеді

Осы зерттеуден көріп отырғанымыздай, жалпы еліміз бойынша қазақ тілі орыс тілінен жеңіліп, қолданыс аясы тарылуда. Қазақ тілі ауылды жерлерде ғана кең көлемде қолданылады. Ал, қалаларда орыс тілі айқын басымдық көрсетіп тұр. Қалада қазақтардың өздері бір-бірімен орысша сөйлеседі. Бұл жерде Елбасымыздың «қазақ – қазақпен қазақша сөйлессін», «қазақтар тілі шықаннан бастап қазақ тілінде сөйлеуге міндетті», деген ескертпелері назардан тыс қалған. Сондықтан қаладағы қандастарымыздың тең жартысынан астамы «мәңгүрттік» шеңберінен шыға алмай жүр. Оның негізгі себебі — өзінің ана сүтімен берілген ана тілін үйренуге деген ниет, ынта жоқ.

Мұндайларды Заң негізінде күштеп үйрету керек. Үйренгісі келмесе, қызметтен шеттету қажет.

Қазақстанда ірілі – ұсақты 136 ұлттың өкілі тұрады. Олардың 135-інің өз тарихи Отандары бар. Ал, қазақтардың тарихи Отаны тек қана – Қазақстан.

Жаман айтпай, жақсы жоқ. Егер еліміздің басына қиыншылық туса, басқа ұлттар өздерінің тарихи Отанына барады. Ал, қазақтар қайда барады?

Биыл «Тіл туралы» ҚР Заңының қабылданғанына 27 жыл толып отыр. Бұл аз уақыт емес. Осы 27 жылда не істелді? Қазақ тілінің жағдайы қалай?

Империялық пиғылдағы мемлекеттер өзінің құрамындағы ұсақ ұлттарды жою үшін ең бірінші олардың ана тілін жояды екен. Бір ғана мысал, кезіндегі алып империя СССР-дің 70 жылдық үстемдігі кезінде 100-ге жуық ұсақ ұлттардың тілі де, өзі де жойылды. Қазақ тілі де бұл империяның кезінде жойылуға тиісті тіл болатын. Бірақ та Алла-Тағалла бір күннің ішінде ата-бабаларымыз сан ғасырлар аңсаған,соның жолында қандарын төккен Тәуелсіздікті бізге бере салды. Соның арқасында есімізді жиып, тіл туралы заң қабылдадық. Бірақ ол орындалмай отыр.

Қазақ тілі – мемлекеттік тіл ретінде ауылды жерде ғана қолданылады. Ал қалалық жерлерде қазақ тілі мүлдем қолданылмайды десек де болады. Қаладағы өтетін барлық жиындар орыс тілінде жүргізіледі.

Жиын басында тілдерін бұрап бір-екі ауыз сөзді қазақша айтқан болады да, ары қарай орысша жорғалатады.

Осылай істейтіндер өз қандастарымыз. Мұхтар Шахановтың сөзімен айтсақ «космополиттер» немесе «мәңгүрттер».

ҚР Конститутциясында «мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп көрсетілген. «Тіл туралы» Заң бар, Тілдерді қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы және бар. Біз тек осы Заңдар мен бағдарламалар тарапынан туындайтын талаптарды орындаса, ең негізгісі ҚР әрбір азаматында қазақ тілін дамытуға деген зор ниет болса дейміз».

Ержан Кәрібайұлы Құттыбаев, ҚР білім беру ісінің үздігі
Ақсуат ауылы

Ержан Құттыбаев. Фото facebook-тегі парақшасынан

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз