Қарағандыда Абай аудандық соты Юрий Пактың өтелмеген мерзімін 5 ай 12 күнге қысқартты.
Бұл туралы соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап, Tengrinews.kz хабарлады.
“10-наурызда судья Гүлнар Миханованың төрағалығымен Абай аудандық соты Қарабас ауылындағы АК 159/18 мекемесінің сотталған Пак Юрий Дмитриевичтің өтелмеген мерзімін қысқарту туралы ұсынысын қанағаттандырды. Сотталған Пак Юрий Дмитриевичтің өтелмеген мерзімі “Рақымшылық туралы” заңға сәйкес 1/4 бөлікке, яғни, бес ай 12 күнге қысқартылды”, – дейді баспасөз қызметінің өкілдері.
Еске салайық, 2016 жылдың 3-қазанында Юрий Пак 2 жылға бас бостандығынан айырылған еді. Тергеу нұсқасы бойынша, 2016 жылдың сәуір айында педагог жұмыс орнында отырып, 102 пультіне қоңырау шалып, орталық әмбебап дүкенінде жарылғыш заттың қойылғаны туралы хабар берген. Бұл ақпарат расталмады. Мұғалімге шығарылған үкім әлеуметтік желіде көп талқыланды. Көпшілік сот үкімінің әділетсіз екенін және сотталушының айыбы жоғы туралы жазды.