Нұр-Сұлтан
Қазір
1
Ертең
0
USD
449
-1.43
EUR
484
-3.48
RUB
4.86
0.00

Халық атынан сайланған еді… Шымкентте ауыл билері «қалаусыз» депутаттарға ашулы

167

Шымкент қаласы Қаратау ауданына қосылған Мәртөбе, Тассай, Қызылсу, Достық пен Тассай-2 елді-мекендерінің бір топ азаматтары ашулы. Алақандай бөлмеде бас қосқан ауыл билері мен белсенділері былтыр сайланған депуттарын бірде-бір рет көрмегендерін айтып наразы.

Басқа түскен тауқыметтерін кімге барып айтарын білмей дал болғандар, бірлесіп «Нұр Отан» партиясының атына арыз да жазып қойған. Өкпе-наздарын жаппай жеткізген құжатқа қол қойылды. Онда бес ауыл халқы бірауыздан Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Нұркөз Жаңабаевқа сенімсіздік танытып, мандатынан айыруды қадап көрсеткен.

Ауыл билері мен азаматтары былтырғы жылы өткен Мәслихат депутаттарын сайлау қорытындысына наразы. Бес ауыл халқы бірігіп ұсынған үміткерлері Оразалы Кенжебеков сайлауға бір тәулік қалғанда үміткерлер тізімінен алынғанын айтады, азаматтар. Билікке мұңдарын жеткізер деп сенген үміткерлері додадан кетіп, үміттері үзілгенін айтқан жандар ешқашан көрмеген, өздеріне бөтен азаматтың ауыл атынан сайланып кеткеніне аң-таң.

– Біз ауылымыздың атынан сайланған кісіні ешқашан көрмегенбіз, естімегенбіз. Сайлауға бір күн қалғанда ол бір өзі қалды. Өзім білетін бірде-бір танысым саулауға барған да жоқ. Енді міне, бір жыл өтті. Нұркөз Жаңабаевтың кім екенін әлі білмейміз. Нақты өзіміз ұсынған кандидатыз күнде жанымызда. Жоқ-жітігімізді тек соған ғана айтамыз, дейді Достық елді-мекенінің тұрғыны Серікбай Спатаев.

– Ауылда жарық мәселесі жылдар бойы әбден шаршатып келеді. Біз Кенжебековке барып көмек сұрадық. Ол өз қалтасынан ақша шығарып, қаншама жыл зар жылап келе жатқан халықты құтқарды. Трансформатор қойып берді. Содан кейін бес ауыл болып оның сайлауға қатысуын сұрадық. Ауылда өсіп, ауылда тұрып жатқан жан болған соң жоғарғы жаққа мұғымызды жеткізер деп едік, дейді Шавкат Орынбай.

Халық атынан сайланған «қалаусыз» депутаттарын бір көруге зар болғанын айтқан азаматтар, өз талаптарына жергіліктің биліктің назарын аударуын сұрайды. 50 мыңға жуық ел мекен еткен бес ауылдың жұрты, жылдар бойы бірде-бір депутаттың қарасын көрсетпегін айтып ашулы.

– Шынын айтсақ, арамыздан шыққан ауыл азаматының халықтың жағдайын жасауға бар күшін салып жүргенін көріп қана, қалаулы депутаттың қандай болу керектігін түсіндік. Осыған дейін біздің депутаттың кім екенін естімей, білмей келдік. Жылдар бойы солай болатын. Әлі де солай бола беруі де мүмкін еді. Тек өзіміздің ауылдас, халықтың жоғын жақсы білетін азаматтың біздің жағдайымызға бей-жай қарамасын түсіндік. Халықты керек етпейтін депутаттың бұдан былай бізге де қажеті жоқ, дейді Мартөбе ауылының ақсақалы Сұлтанбек Ахматханов.

Ауыл азаматтарының айтуынша, халықтың шеше алмай жүрген мәселелері шаш етектен. Ауыз су, жарық, жол, жер бөлуге қатысты қиындықтар жылдар бойы шешімін таппай келеді, дейді жиналған жұрт. Жағдайы нашар отбасылардың мәселесі бір төбе. Көмекке зәру ел Мәртөбе ауылының биі, депутаттыққа экс-үміткер Оразалы Кенжебековке шағымданады екен. Қарапайым тәуелсіз мүлік бағалаушы қызметін атқаратын азамат арманы билік емес екенін айтып, ағынан жарылды.

Ауыл биі сайлауға түсер алдында көмек сұрап келген азаматтарға шынымен электр транформаторын сатып алып берген екен. Ол үшін жеке басына тиесілі жер телімін сатуға тура келіпті. Мүлікті мемлекет меншігіне өткізген. Ауыл маңындағы күл-қоқысты көшіруге де мұрындық болыпты. Жарық жүргізу үшін елдің өз қаражатына бағана тұрғызғанын айтып ашылды, ауыл биі. Белсенді азамат суармалы суды ауылдарға жеткізу үшін де тер төгіпті. Қалталы азаматтардың арқасында жағдайы нашар отбасыларға барынша қамқорлық танытатынын да жасырмайды.

– Алла куә, мен билікке талпынған емеспін ешқашан. Өмір бойы тапқан табысымның 40 пайызын қайырымдылыққа жұмсаймын. Әлі де солай бола береді. Менің арғы атам осы ауылдың іргесін қалаған. Әкем ауыл мешітін соғуға атсалысқан. Өзім қолымнан келгенше жұртқа көмек қолымды созып келем. Депутат болмадым деген өкініш жоқ. Ең бастысы, елімнің сенімін ақтау, дейді Мәртөбе елді-мекенінің биі Оразалы Кенжебеков.

Халық наразылығына ілінген депутат тілшілерден хабар алысымен, ауыл жаққа жол тартты. Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Нұркөз Жаңабаев бірнеше елді-мекен тұрғындарын жинап, өзін көрмегендер жұртпен танысты. Қуанышын жеткізген депутат таныстықтың төрт жылмен шектелмейтініне де үмітті.

Депутаттың әр сайлаушыны жеке тануы мүмкін емес екенін тілге тиек еткен азамат, өзінің сайлаушыларымен етене жұмыс істейтінін жеткізді. Сайлау алды берген уәделерінің талайын орындап та үлгерген екен. Бірнеше көшенің күрделі жөндеуіне қаржы бөлінуіне атсалысқанын айтты. Әлі де талай жұмыс істелетініне сенімі нық. Қызылсу елді-мекеніне су құбырын жүргізуге де қол жеткізгенін жария етті, жиналған жұртқа.

– Жұмыс істеліп жатыр. Алдыма көмек сұрап келген азаматтарға қол ұшын беріп келемін. Әрине, ұсақ-түйек мәселемен мазалау артықтау. Сонда да, жеке басының мұңын айтып келгендер болып жатады. Біразыңызбен тығыз байланыстамын. Жаңа таныстығым үшін қуаныштымын. Ел мүддесін қорғап жүргенімді ұялмай айта аламын. Алда бірлігіміз бұдан да арта түседі деп сенемін, деді сайлаушыларының алдында сөз сөйлеген Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Нұркөз Жаңабаев.

Депутаттың қарасын көрмедік деген ауыл халқы қол алысып тарқасты. Алдағы уақытта бірігіп жұмыс істеуге уәделесті.

Материал дайындалып жатқанда, бес елді-мекен тұрғындары бірігіп жазған арыз-шағымдарын «Нұр Отан» партиясынан қайтарып алғандары белгілі болды…

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз