Нұр-Сұлтан
Қазір
8
Ертең
8
USD
445
+0.37
EUR
477
+2.08
RUB
4.82
+0.02

Гендерлік теңдік – отбасы құндылығын көздейді

3685

Міне, біздің еліміз жаһандық деңгейде бекітілген осы құжаттың міндеттерін ойдағыдай орындап келеді. Бұған қатысты өткізілетін отырыстарда гендерлік саясатты қалай және қандай жолмен тиімді жүзеге асыру қажеттігі туралы түрлі ұсыныстар айтылуда. 

Соның бірі – мемлекеттік қызметте әйелдер қауымын мансап тұрғысынан ілгерілету барысында тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету және оның сақталуын қадағалау мәселесі. 

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ақпаратына сәйкес, 2017 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша еліміздегі мемлекеттік қызметкерлердің арасында әйелдердің үлес салмағы – 55,5 пайызды құраған екен. Біле білсек, бұл өте жақсы көрсеткіш. Демек, атқарылған жұмыс жемісін беруде деген сөз.

Салыстыра алғанда, бұл – былтырғы көрсеткішке қарағанда 0,5 пайызға жоғары.

Айтпақшы,

2017 жылдың қаңтарынан бастап елімізде 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын іске асыру басталып кетті. 

Бұған кім, қандай үлес қосуда? 

Иә, тұжырымдаманы қабылдау бар да, оны жүзеге асыру бар. Осыған байланысты ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат ұлттық комиссиясы бірнеше рет отырыс өткізіп үлгерді. 

Бұған біз де бірнеше рет қатыстық. Гендерлік саясатқа қатысты өзекті, өткір, күн тәртібінде тұрған мәселелер таразыға тартылды, талқыланды. 

Комиссия отырысының ішінде мемлекеттік қызмет деңгейінде әйел жұмысшылардың пайыздық мөлшерін арттыру мәселесі жиі көтеріледі. Және бұл орынды да. Мұндағы басты бағыттардың бірі – әйелдер қауымына мансаптық тұрғыдан көтерілуге мүмкіндік беру екендігі айдан анық.

Дерек пен дәйек

Деректерге қарағанда былтырғы жылы «Б» корпусындағы әкімшілік лауазымдарды иеленуге арналған конкурстарға қатысқан әйелдердің мөлшері 48 пайызды құраған екен. Ал нақты жұмысқа алыну бойынша нәзік жандылардың ара салмағы 48,5 пайызға жетіпті. 

2016 жылы басшылық, жетекшілік қызметке тағайындалған әйел адамдардың үлесі 34,8 пайызға жетіп жығылған.

Ілгіреді айттық, бұл бағытта мемлекет деңгейінде 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы қабылданған болатын. Осы тұжырымдама негізінде 

2030 жылға дейін басшылық қызмет атқаратын әйелдердің ара салмағын 30 пайызға дейін көбейту жоспарланып отыр.

Мемлекет бұл бағытта нәзік жанды қауымға барынша жеңілдік жасауда. Сөзімізге дәлел, 2016 жылы мемлекеттік қызметкерлер арасында аттестациядан өту жүргізілген болатын. Міне, сол кезде әйелдердің құқықтарын қорғау мақсатында балалы, аяғы ауыр болуын және отбасылық жағдайына қарап көптеген әйелдер еңбек құқықтарына сәйкес аттестациядан босатылды.

Және бұл әйелдерге жасалып жатқан жақсылықтың басы ғана. Келешекте жұмысбасты әйелдердің отбасына көңіл бөлуіне мүмкіншілік беру мәселесі  де жоспарланып отыр екен. 

Естеріңізге сала кетелік, гендерлік саясат «Ерлер мен әйелдердің тең құқықтарының және тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы» және «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» заңдармен реттеледі.

Былтыр Қазақстан Республикасында 2006-2016 жылдарға арналған Гендерлік теңдік стратегиясы сәтті іске асырылып, Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы бекітілген болатын.

Тілге тиек етер жайт…

Бұл арада айналып аттап кете алмайтын бір мәселе бар. Отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы туралы айтқанда оны ұлттық дәстүрімізден бөле-жара қарастырмауымыз қажет.

Неге? Өткенге көз жүгіртейік. Қазақ қызына қалай қараған?  Ата-бабаларымыз қыздарын көздің қарашағындай қорғап — үй ұстауға, ел бірлігін, ошақ бүтіндігін сақтауға баулыған. Басқасын білмейміз, бірақ қазақтың табиғатында қыз намысы дегеннің ұғымның орны бөлек.

Бабаларымыз қыз бала отырған жерде бейпіл сөз айтпайтын, аңдап сөйлейтін. Ал аналарымыз қыздың намысын сақтап, оның адалдықпен жаңа босаға аттауын өте қатты қадағалаған. Болашақ отбасының тұрақтылығы да қыз арының тазалығымен байланысты саналған. Міне, солай. Қазақта қыздың барған жерінен қайтып келуі жай ғана ұят емес, масқара деп есептелген. Осы себепті де ата-ана қыздарын ұзатарда, барған жеріңе “тастай батып, судай сің” деп бата берген. Мұның бәрі дәстүр.

Сіз білесіз бе? 

Елімізде отағасымен арадағы сыйластығын сақтап, туысқандары мен отбасының мықты тірегі, ескі мен жаңаны байланыстыру міндетін өз бойына тоғыстырып, ұлдарын – ұяға, қыздарын қияға қондырып отырған көпке үлгі аналар аз емес.

Міне, Отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы туралы айтқанда басқа нәзік жанды қауымға үлгі болатын осындай аналарымызды назардан қалыс қалдырмауымыз керек. 

Жалпы қазақ әйеліне тән мінез қандай? Қазақ әйелі әуелден жолдасының абыройы болуына септескен, балаларының тәрбиесі мен болашақтарына жол сілтей білген.  Мұны себебі бар. Егер ер-азамат отбасында сыйлы болса, тиісінше баласы да содан үлгі алады.

Қай жерде еркек сыйлы болса, сол жердің отбасы түгел, баласы аман, қызы тәрбиелі, дұрыс отбасы қалыптасады.

Біле білсеңіз, қазақ халқының қалыптасуында осы дәстүрлер ұлттық идеологияның негізі болып табылады. 

Отбасы, әсіресе гендерлік саясат туралы айтқанда ілгеріде сөз еткен мәселелерді қалыс қалдыра алмаймыз. “Атың жаман болса, сойып құтыларсың, қатының жаман болса қайтып құтыларсың” деген сөзді қазақ бекер айтпаған. Ұлт пен ұрпақтың тағдыры әйелдермен байланысты екенін өмірді тәжірибесінен алып айтқан.

Алыс-жақын ағайынның арасын біріктіріп, ел намысын қорғап, балаларын соған бағыттап, ерімен тіл тауып одақтасқан әйел ешқашан жаман болмайды. Бұл дәстүр мәңгілік. Ешқашан өзектілігін жоғалтпайтын, ешқашан құндылығынан айырылмайтын дәстүр бұл. 

Анығы, ата-бабамыздан бері жалғасып келе жатқан бұл дәстүр ескірген жоқ, ескірмейді де. Ілгеріде айттық бұл қазақтың көне заманна бері қалыптасқан идеологиясы. Оны тек жаңғыртуымыз, жаңартуымыз қажет. 

Қазіргі жағдай 

Иә, заман өзгереді, заң тозады. Қазіргі өмірдің ағысы ер-азаматтар мен әйелдерді теңестірді.  Әйелдердің оқып-тоқуына, қоғамдық жұмыстарға араласуына жол ашты. Бәрі де дұрыс. Қоғамнан өз орнын тапқан, үйде де, түзде де сыйлы апа-сіңілілеріміз, құдайға шүкір, көп. Біз мұнымен мақтанамыз. Бірақ осыны пайдаланып, үйді ойламай, түзді ойлаумен жүріп, ошақ иесі рөлін әлсіретіп алған әйелдер де баршылық. Демек, барлық жерде тепе-теңділік керек. Теңдік бұзылды екен, тұрақтылық болмайды. Бұл ұрпаққа, тиісінше тұтас ұлттың өсіп-өнуіне кедергі келтіруі мүмкін. 

Жалпы біздің дәстүрімізге жат дүниелер өте көп. Тәнін саудалау, қоқыстағы тастанды бала, әке-шешесінің сөзі тыңдамау… Мұның бәрі біздің бүгінгі өмірімізде көрініс беріп отырғаны жасырын емес. Біз мұнымен қалай күресеміз? Отбасы құндылығын насихаттау арқылы. 

Бірақ, бір сауал бар: жезөкшеліктің дендеп кетуін, тастанды балалалардың көбеюін кімнен көреміз? Анығында, мұны бәрі біздің қоғамдағы идеологиялық жұмыстың олқылықтары деуге негіз бар. 

Демек, кемшіліктің көзін жою, олқылықтың орнын толтыру керек. Қалай, қайтіп? 

2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасында осы мәселелердің барлығы қамтылған. Қазіргі қыз тәрбиесі бағытында мемлекет деңгейінде үлкен жұмыс жүріп жатыр.

Өз тарапымыздан бір ұсыныс. Біздіңше алдағы уақытта Әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат ұлттық комиссиясы Отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы негізінде қыздарымызды жақсы мінез-құлыққа, отбасылық өмірге үйрететін ауқымды  бастамаларды қолға алуы керек. 

Айталық, ана мен бала деген түсініктің түкпірінде қаншалықты терең мағына жатқанын жеткізу үшін еліміздегі ірі-ірі ЖОО-ларда ардақты аналармен кездесулер ұйымдастырылса, ұлағатты аналар ұлттық дәстүр жайында өзінің өмірлік тәжірибесімен бөліссе керемет емес пе?!

Отбасы бірлігінің өзі осыдан туындайды. Ертеңгі болашақ аналардың бойына рухани байлықты дәл осы тәрбие арқылы сіңіруіміз керек-ақ.

Бұл бағытта Президент жанындағы Отбасы және әйелдер ісі жөніндегі ұлттық комиссия игілікті істерді қолға аларына сенімдіміз. Осы мақсатта біле білсеңіздер, Ұлттық комиссия бұрынғы жұмыстарын қорытындылап, атын өзгертіп, құрамын толықтырды.

Жалпы бұл ұйымның қоғамдағы нәзік жанды қауымның рөлі мен орнын көтеруде атқарып жүрген жұмысы ұлан-ғайыр. Сонау бір қиын кезеңде, ер-азаматтар жұмыстан қысқарып, қариялар зейнет-ақысын уақытында ала алмай, отбасын асыраудың бар салмағы әйелдерді мойнына түскенде, комиссия қазақ әйелдеріне барынша қолдау көрсетті.

Ақыл кеңестер берді, көптеген отбасыларға нақты көмек берді, кәсіпке бейімі бар әйелдерді жұмысқа тартып, тіршілікке араластырды. 

Тоқ етерін айтқанда, комиссия атқарған ауыр да ауқымды жұмыстардың арқасында әйелдер қоғамдық істерге араласа бастады. Көпшілігі кәсіпкерлікке бет бұрды. Елдің экономикасын көтеруге үлес қосты.Көңіл қуантарлығы бұл бағыттағы жұмыстар әлі де атқарылып жатыр.

Біз білсек, шағын және орта бизнес саласында нәзік жанды қауымның үлесі әлі де көп емес. Иә, ешнәрсе бірден болмасы белгілі. Көрсеткіш өсіп келеді. Соңғы жылдары ғылым-білім саласында, соның ішінде ғылыми тұжырымдама мен оқулықтар жазу жүйесінде қызмет атқаратын әйелдердің саны өскен екен. 

Ұлттық комиссия өз кезегінде жыл сайын түрлі көрмелер, байқаулар (іскер әйелдер еңбегінің, білім дамуының, жаңа технологияны игерудің, өнер қайраткерлері шығармаларының) ұйымдастырып, конкурстар өткізуге қатысып, бизнеспен шұғылдануға ынталы әйелдерге қолдау көрсетіп келеді.

Әйелдерді қоғамдық істерге, бизнеске және басқа да салаларға тартуға келгенде біз ел көршілес мемлекеттерден көш ілгері тұр. Тіпті, Ресейдің өзі қазіргі жағдайда біраз мәселені шешу жағынан бізден үлгі алып жатыр.

Қазіргі күні Қазақстанда білім беру саласында — 90 пайыз, ал денсаулық сақтау саласында 80 пайызға жуық әйелдер қызмет жасайды екен. Бұл көрсеткішті аз деп кім айта алады?

Міне, осы салаларды жетістікке жеткен нәзік жанды қауымны бірқатарының  басшы қызметтерге ұсынылып жатуы да заңды. Оның үстіне әйелдердің мойнында отбасы бірлігін ұйымдастыру, бала тәрбиесі сияқты жауапты міндеттер тұр. Бұл біржағынан ұрпақтың болашағын ойлау деген сөз.

 

Әлия БЕЙСЕНОВА,

ҚР Ұлттық ғылым академиясының

академигі


 

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз