Шанхай ынтымақтастық ұйымының сапына Беларусь мемлекеті ресми кіріп, толыққанды мүшесі атанды. Астанада Қазақстанның төрағалығымен төртінші рет «Шанхай ондығына» айналған саяси бірлестіктің саммиті өтті. Бас-аяғы 25 құжатқа қол қойылып, ұйымға кіруге дәмелі елдер тізімі қаралды. Әу баста Шанхай бестігі болып құрылған одақ, бүгін Беларусь мемлекетімен толығып, әлеуеті қуатты ондыққа айналды.
«Бірлескен күш-жігер, шанхайлық рухты нығайту және Шанхай қағидаттарын ілгерілету арқылы, біз Шанхай ынтымақтастық ұйымын ең беделді халықаралық құрылымдардың біріне айналдырдық. Бүгін Астанада өтетін саммитте ұйымымызды одан әрі кеңейту туралы маңызды шешім қабылданады. Осыған байланысты Беларусь Шанхай ынтымақтастық ұйымына толыққанды мүшелікке өту үшін қажетті рәсімдерді аяқтады», – деді Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ұйымның құрамына кіретін ондықтан бөлек, 3 бақылаушы мен 14 диалог жөніндегі серіктесі бар бүгінде. Осылайша әлем халқының 45 пайызын қамтып отыр. Бүкіл әлемнің сауда-саттығының 15 пайызы да осы саяси бірлестіктің еншісінде. Ұстараның жүзіндей қылпылдап тұрған мына заманда көршілердің тату болуы ауадай қажет. Сондықтан сарапшылар ұйым стратегиясы Қазақстанның ұстанымымен тұспа тұс келеді деп отыр.