Рио Олимпиадасына санаулы күндер қалды. Осы орайда Қазақстанның боксшыларына 4 жылда бір келетін айтулы додаға Колумбия, Доминикан, Мексика елдерінен келген кәсіпқой боксшылар көмектесіп жатыр.
Олардың арасында отандасымыз кәсіпқой бокстың шебері Қанат Ислам да бар. Қанат Олимпиада ойындарындағы басты үмітіміз Данияр Елеусіновке спарринг қарсылас ретінде көмектесетін болады, – деп хабарлайды BNews.kz.
«Барлық боксшымыз һәм рухани, һәм физикалық тұрғыдан дайын. Осы қарқындарынан жаңылмаса, Олимпиада шыңын бағындырады деп ойлаймын. Ендігі жерде біз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, Риоға аттанатын 10 боксшымызға қолдан келгенінше бір кісідей қолдау көрсетуіміз керек. Бәріміздің де асқақ арманымыз – әнұранымыздың Олимпиада көгінде шырқалуы», – дейді Қанат Ислам.
Айта кетейік, бұл – олимпиада алдындағы боксшыларымыздың соңғы жаттығу жұмыстары. Соңғы спаррингтер 25 және 27 шілде күндері өтеді. Ал 28 шілдеде саңлақтарымыз Риоға жол жүреді.