Миллиард теңге жымқырды деп айыпталған Қуандық Бишімбаевтың адвокаттары мәлімдеме жасады.
Бұл туралы Tengrinews.kz хабарлады.
“Құрметті БАҚ өкілдері мен журналистер. Соңғы уақытта бұқаралық ақпарат құралдарында Бишімбаев Қуандық Уәлиханұлына қатысты тергеу жайлы материалдар белсенді түрде таралып жатыр. Бұл мәлімдемеге жарияланымдардың айыптау сипатында жазылып жатқаны себеп. БАҚ-тар мен ТВ сюжеттерінде шынтуайтында Қуандық Бишімбаев қылмыс жасаған және бұл бекітілген дерек ретінде айтылып отыр”, – делінген мәлімдемеде.
“Ешкім де қандай да бір ісі бойынша сот арқылы дәлелденбейінше, айыпты болып есептелмейтінін атап өтеміз”, – дей келе адвокаттар “Жоғарыда аталған және оларға ұқсас материалдарды апелляцияға жатпайтын және айыптау сипатындағы материалдар деп білеміз, онда қорғауымыздағы азаматтың кінәсі дәлелденгендей сипат бар, бұл қоғам алдында қорғауымыздағы азамат туралы жағымсыз пікір қалыптастырады. Қуандық Уәлиханұлына қатысты мұндай мәліметтерді тергеу аяқталмай тұрып, сот қарамай жатып, таратуға жол жоқ екенін айтқымыз келеді”, – деп, ескерту жасады.
“ҚР “Бұқаралық ақпарат құралдары туралы” заңының 25-бабын негізге ала отырып, азаматтың ар-намысы мен абыройына зиян келтіретін шындыққа жанаспайтын мәліметті таратуға заңға сәйкес жауаптылыққа әкеп соғатынын ескерте отырып, БАҚ-қа айтқымыз келетіні, мұндай айыптау сипатындағы материалдарды жазбауға және қорғауымыздағы азаматқа қатысты тақырыптарда абай болуға шақырамыз. Бұл жарияланымдар адам тағдыры жайлы екенін ұмытпауды сұраймыз”, – дейді адвокаттар.
Сонымен қатар, олар істің әділ тергеліп, әділ сот өтетініне сенім білдірді.
Еске салайық, Бишімбаевтың ұсталғаны жайлы 2017 жылдың 10 қаңтарында белгілі болған еді. Қуандық Бишімбаев Астанадағы уақытша ұстау изоляторына қамалған. Кейін Антикоррупциялық қызмет Бишімбаевты 1 миллиард теңге жымқырды деп айыптады.