Ақмола облысы, Степногорск қаласының Бестөбе кентіндегі алтын өндіру шахтасында жұмысшылар мен күзетшілер төбелесіп қалды.
“Осының салдарынан 10 адам зардап шекті”, – деп хабарлайды Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі.
“16 маусым күні сағат 20:30-да Ақмола облысы Степногорск қаласының ІІБ- іне Бестөбе кентінде «Қазақалтын» АҚ шахталарының бірінің жұмысшылары мен күзетшілері жанжалдасып қалғаны туралы шұғыл ақпарат түсті. Оқиға орнына дереу полиция жасағы жөнелтілді”, – дейді баспасөз қызметі.
“Жұмысшылар мен күзетшілер арасындағы даудың салдарынан 10 адам зардап шекті. Аталған факт бойынша ҚР ҚК 293 бабы 3 бөлімі 2 бөлігіне («Бұзақылық») сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіле бастады. Оқиғаның мән-жайы мен кінәлі тұлғалар анықталып жатыр. Қазір кенттегі жағдай тұрақталды”, – деп атап өтті ІІМ.
Айта кетелік, 17 маусым күні Ақмола облысындағы “Қазақалтын” кенішінде қызметкерлер мен заңсыз алтын іздеушілер арасында атыс болған.
Ішкі істер министрлігі жарақаттанғандар саны 10 адам деп отыр. Бірақ Бөстөбе ауылы әкімдігінің өкілдері зардап шеккендер саны 14 адам дегенді алға тартады. Оның үшеуі ауруханаға жеткізілген екен. Олардың арасында заңсыз алтын іздеушілер де бар көрінеді.