Нұр-Сұлтан
Қазір
14
Ертең
17
USD
447
0.00
EUR
476
0.00
RUB
4.79
0.00

БҚО-да 25 жылда облыс халқының 93 пайызы газбен қамтылды

Облыс аумағымен «Орта Азия-Орталық» және «Орынбор-Новопсков» магистральды газ құбырлары жүріп жатқанына қарамастан, Кеңес Одағы кезінде Орал өңірінде тек 14 елді мекенде ғана табиғи газ болыпты. Ал қазір 275 ауылда көгілдір отын маздап тұр. Облысты газдандыру ісі 2010 жылдан бастап ерекше қарқын алды. Осы жылы Елбасының тікелей тапсырмасымен «Қарашығанақ-Ақсай-Орал» магистральды құбыры салынып бітті. Нәтижесінде 12 аудан орталығының бәріне табиғи отын тартылды. Көгілдір отынның қызығына кенелгендердің бірі – Теректі ауданындағы Тоқпай ауылының тұрғындары.

Зейнеткер Тамара Нығметова отпен кіріп, күлмен шығудың бейнетін бір кісідей біледі.

Тамара Нығметова, Тоқпай ауылының тұрғыны:

-Қазір енді шүкір ғой. Газ жаға қоямыз, үй жылып жатыр, пеш жанып тұр. Дүниенің рахаты осы ғой тіршілікте.Тезек тасымаймыз, от жақпаймыз. Таза. Баяғыда оттың күлін алғанда борап жатады, үйің шаңдап жатады.

Газдандыру жұмысы алдымен әлеуметтік маңызға ие. Шалғай ауылдарға табиғи газ жетуі тұрғындардың жайлы тұрмыс іздеп, қалаға қарай қоныс аударуын азайтты. Әрі кәсіпкерлікті дамытуға, жаңадан жұмыс орындары құрылуына септігін тигізуде.

Өз кәсібін ашуға бел буған жанның бірі – Айдынбек Иманғалиев. Үй ауласына аумағы 300 шаршы метрлік жылыжай салды. Енді құлпынай өсіріп, саудаға шығармақ.

Айдынбек Иманғалиев, Тоқпай ауылының тұрғыны:

-Өсетін шығар деп тынбай еңбектеніп жатырмын. Өседі негізі. Газ болғаннан кейін ғой істеп жатқанымыз.

Соңғы 8 жылда облыс бойынша 138 елді мекенге табиғи газ беріліпті. Бұл жұмыстарды 2020 жылға қарай толық аяқтау жоспарланған.

Қуаныш Шарафуддин, БҚО Энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары:

-Егер де қаражат республикадан бөлінген жағдайда 25 мың халқы бар 81 елді мекен газдандырылатын болады. Сол жоспарымыз ойға асса 98,8 пайыз облыс халқының көгілдір отын тұтынуға мүмкіндік алады. Күні бүгін осы 81 елді мекеннің 35-і бойынша жоба-сметалық құжаттары әзірленген. Қажетті қаржы мөлшері 3 млрд теңгеге жуықтайды.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз