Қазақстанда салафизм идеологиясына тыйым салу ұсынылды. Мұндай пікірді “Аңсар” кеңес беру және оңалту орталығының директоры Асқар Сабдин айтты, деп хабарлайды kaz.tengrinews.kz.
“Мемлекет салафизм иделогиясына тыйым салу туралы шешім қабылдау керек деп ойлаймын”, – деді ол.
“Елімізде 600-ден аса лаңкес сотталған, оның көбі өзін салафитпін деп таныстырады. Тергеу барысында Ақтөбеде теракт жасағандардың ең алдымен салафит екендері, содан кейін ғана ДАИШ жақтаушылары екені анықталады деп ойлаймын. Бізде Табиғи жамағат ұйымының әрекетіне тыйым салынған, ал олардың құқық бұзушылық әрекеттері өзін салафизм ұстанушысымын деп таныстыратындардың қасында аз”, – деді ол.
“Біз лаңкестердің қылмысын қатаң сынаймыз. Қаза тапқандардың туыстарына көңіл айтамыз. Париждегі, Ыстамбұл мен Бельгиядағы және басқа да террорлық актілер бұл мәселеге алаңдамайтын елдің жоқ екенін көрсетті. Бастысы – бұл оқиғаның 2011-2012 жылдардағыдай қайталанып кетуіне жол бермеу және оқиғаны мұқият сараптау”, – деді Сабдин.
Айта кетейік, 5 маусымда Ақтөбеде теракт болып, 17 қылмыскер өлтірілді, 7 адамға іздеу жарияланды. 8 адам ұсталды.