Нұр-Сұлтан
Қазір
21
Ертең
23
USD
448
-1.49
EUR
478
-0.38
RUB
4.76
0.00

Қазақ болып тудық, қайтеміз енді? Сол үшін кінәліміз бе?!

133

Жарайды, мәселе мұнда емес. Соңғы кездері

қазақ тілі үшін қақсап жүргендерді мемлекеттегі тұрақтылық пен татулыққа сызат түсіретін «халық жауына» айналдыру науқаны жүріп жатқандай. Бірден дұшпанға, турасын айтқанда, ұлтшылға айналып шыға келеді. Анығы, айналдырып жібереді.

Бұл мәселені көтеріп отырған бізді де түсінбеушілер табылатыны анық. Сонда да болса айтайық.

Ешкім тырнақ астынан кір іздемейді. Қазақ «сен неге қазақша сөйлемейсің» деп, екінің бірінің жағасынан алып жүрген жоқ. Біз соншалықты ақымақ емеспіз. Елімізде екі тілде түсінісетін орта бар. Қазіргі ахуал осындай. Біз оны қабылдаймыз. Қабылдауға тура келеді.

Екі тілде түсінісетін орта бар. Байқаңыздар, Елбасының өзі осы тепе-теңділікті сақтап, мемлекеттік және ресми тілді тең дәрежеде қолданып жүр. Тұрақтылық пен татулықтың деген түсініктер өте нәзік дүние, өйткені.

Демек, қоғамдық өмірдің барлық саласында мемлекеттік және ресми тіл тең дәрежеде қолданылуы қажет. Бұлардың біреуі шетқақпай көрсе, шеттетілсе, сол тілде сөйлейтін қауымның наразылық танытары заңды ғой. Дәл қазір ешқандай эмоциясыз, салқынқанды түрде айтып отырмыз. Аттандап отырған жоқпыз.

Ендеше, дәл қазір біз қандай жағдайға куәміз? Орыстілді орта мұны білмеуі немесе аңғармауы мүмкін. Сондықтан қалай бар, солай айтайық.

Халыққа қызмет көрсететін (бұл арада тек мемлекеттік нысандарды сөз етіп отырған жоқпыз, тұтастай қарастырыңыз) орындарда жоғарыда айтылған тепе-теңділік жоқ. Сақтала бермейді. Осы тепе-теңділіктің болуын әрі сақталуын сұрасақ, жеккөрінішті боламыз.

Біріншіден, қазақтың бәрі тіл үшін күресіп жүрген жоқ. Тіл үшін күрес бұлай болмайды негізінде… Біз тек өз елімізде, өз жерімізде өз тілімізде сөйлегіміз келіп жүр. Өз тілімізде нан алып жеуге, өз тілімізде тауар сатып алуға, өз тілімізде қағаз-құжат толтыруға құқымыз бар деп санаймыз. Бұл Қазақстандағы татулық пен тұрақтылыққа қайшы ма? Айтыңыздаршы? Және бұл ешқандай ұлтшылдық емес.

Біз қазақ болып тудық. Ендеше, қазақша сөйлеуіміз де, қазақша ән тыңдауымыз да, қыл аяғы қазақша түс көруіміз де заңды.

Айтпақшы, бұл сөзіміздің шалақазақтарға қатысы жоқ. Оның себебін олар өздері де біледі.

Екіншіден, қазақтың бәрі болмаса да көпшілігі орыс тілін біледі. Алдымызға орысша сөйлеп келген адамның меселін қайтарған кезіміз жоқ екен. Жоқ, рас. «Қазақша сөйле, мемлекеттік тілді білуге міндеттісің» деп, дікілдеген қанша жағдайға куәсіздер? Сондай даулы, шулы жағдайдың қаншауын санап бере аласыздар? Бәлкім, болған да шығар. Бірақ, көп емес.

Ал, керісінше, «өзіне мемлекеттік тілде қызмет көрсетуді» сұраған (талап еткен емес) адамның жаманатты болған кезі көп. Оған сол арада бәрі жамыла кетеді. Ақыры, әлгі адам көпұлтты Қазақстанның ішіне іріткі салған болып шығады.

Біз қазақпыз. Қазақша сөйлегіміз келеді. Бар болғаны осы…

5

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз