Ұлттық банк жүргізген сауалнама бойынша соңғы айда қазақстандықтардың материалдық жағдайы нашарлаған.
«Қараша айына арналған сауалнама нәтижесі бойынша халықтың тұтыну көңіл-күйінің индексі 111-ге дейін төмендеді (2024 жылғы қазан — 114,7). Алдағы 5 жылға елдің даму перспективаларын бағалау 5,2 пунктке төмендеп, 101,8-ге түсті. Сонымен қатар, жеке материалдық жағдайдың алдағы бір жылдағы өзгеруін бағалау 3,7 пунктке төмендеген. Қазіргі жағдайды бағалауда сауалнамаға қатысқандардың соңғы жылы жеке материалдық жағдай көрсеткіші 5,3 пунктке төмендеп, 99,3-ке жеткен. Ал қомақты қаржыға сауда жасауға дайын болу 8,9 пунктке төмендеп, 103,5 болды», — деп жазылған сауалнама қорытындысында.
Сауалнамаға қатысқандардың 68,2%-ы қарашада азық-түлік тауары қымбаттай түскенін сезінген. Қазан айында осылай жауап бергендердің үлесі 64,6% болған еді. Ал азық-түліктік емес тауарлардың бағасы өскенін сауалнамаға тартылғандардың 13,4%-ы сезінген. Жауап берушілердің көбі қараша айында әсіресе жеміс-жидек пен көкөніс, ет және сүт өнімдері, дәрі-дәрмек, киім мен аяқкиім, тұрмыстық химия қымбаттағанын айтқан.