«ҚазТрансОйл» АҚ Ақтөбе мұнай құбыры басқармасы өндірістік қызмет көрсету базасының электр монтері Асхат Абдол мұнай тасымалы саласындағы компанияда 2009 жылдан бері еңбек етеді. Энергетика саласының мықты мамандарының бірі. Бала күнінен физикаға қызығатын, ақыры сол қызығушылығы осы салаға әкелді.
«Энергетика саласында ең біріншіден жауапкершілік болу керек. Энергетика саласы жылма жыл дамып өсіп келеді, өзгеріс көп, сондықтан қазіргідей ғаламтор заманында ізденіп, өзіңді дамытып отыруың керек және жұмыста ұстанатын ең басты қағида – техника қауіпсіздігін сақтау, біреуге зиян келтірмей, жұмысыңа жауапкершілікпен қарау», – дейді Ақтөбе мұнай құбыры басқармасының электр монтері Асхат Абдол.
Асхат Абдол – 15 жыл ішінде компанияға қарасты бірнеше бекетте, соның ішінде Нурибек Шманов атындағы және Кеңқияқ мұнай айдау бекетінде еңбек етті. Өндірістік қызмет көрсету базасында да әріптестері қарапайым мінезі, адамгершілігі үшін құрмет тұтады. Жұмысына өте мұқият. Өз мамандығын жақсы көретіні көрініп ақ тұр.
«Бұл сала – ойыншық емес, мүлт кетсең адам өміріне қаупі зор, сондықтан жауапкершілікті керек етеді» – дейді ол.