Қызылорда облысында өтiп жатқан Жер реформасы жөнiндегi комиссияның көшпелi отырысында ауыл тұрғыны Пердәлi Архабаев елді мекеннен ең кемi 10-15 шақырым аумақтағы жайылым жерлердi мемлекет меншiгiнде қалдыруды ұсынды, деп хабарлайды BNews.kz.
Ауыл тұрғынының пiкiрiнше, Қазақстан азаматтарына мiндеттi түрде жер жалға берiлуi тиiс.
«Жердi келешекте шаруалар пайдаланып, оны әрi қарай жұмыс iстеуi үшiн оған қаржы, күш, техника, инвестиция керек. Ал ауыл халқы осыны көтере ала ма? Мен өзiм ауылдан келiп отырмын. Менiң елiмде осыны көтерiп әкететiн азаматтардың ынтасы болғанымен, қалтасы көтермейдi. Шетелдiктерге жалға беруге неге қорқамыз? Егер тиiстi құжаттарын уақытында дайындап, нақтылап, ереженi шегелеп берсек, сырттан келген азаматтар ақшасын салып, техникасын әкелiп, белгiленген мерзiмде өңделген жер жасап берсе, өнiм алсақ, соған сәйкес неге жұмыс iстемеске», – дейдi ол.
Айта кетейiк, бүгiн Жер реформасы жөнiндегi комиссияның Қызылорда облысында көшпелi отырысы өтiп жатыр. Бұған дейiн Астанада үш, Ақмола мен Алматы облыстарында екi отырысы өткен едi.