Ол жалақы аудару кезінде қызметін асыра пайдаланып, артық мөлшерде ақша есептеп жіберіп отырған.
Бұл туралы Атырау облысы Махамбет аудандық сотының баспасөз қызметі хабарлады.
Атырау облысының Махамбет аудандық сотында ҚР Қылмыстық кодексінің 176-бабының 3-бөлігінің «г» тармағымен және 314-бабының 1-бөлігімен сотталушы О.Р.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды. Сотта анықталғандай, сотталушы 2013-2015 жылдар аралығында Махамбет аудандық мәслихаты аппаратында есепші болып қызмет атқарған. Ол өз қызметтік міндеттерін асыра пайдаланып, Халық банкіндегі еңбекақы шотына штаттық кестеде белгіленгеннен артық мөлшерде еңбекақы аударып отырған.
Тергеу органдарымен оның 2013 жылдан 2015 жылға дейін өзіне 336 000 теңгені иемденгені анықталды.
Сотта есепші өз кінәсін мойындап, процессуалдық келісімге келді. Сот үкімімен есепші ҚР Қылмыстық кодексінің 176-бабының 3-бөлігінің «г» тармағымен кінәлі деп танылып, оған 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Сот үкімі заңды күшіне енді.