Бірнеше жылдан бері зиялы қауым өкілдері «31 мамыр – Ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болуы тиіс» деумен келеді. Әйтсе де, бүгінгі қарны тоқ, қайғысы жоқ Үкімет зиялылардың бұл ұсынысын ескермей, бабаларының аштан қырылғанын ашық айта алмай отыр.
Ұлт зиялыларының «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнінің алдына ашаршылықты қосайық» деп шыр-пыр болуы тегін емес. Өйткені, қазақтың тең жартысынан астамы саяси қуғын-сүргіннен емес дәл осы ашаршылықтан қырылды. Бұл, әрине, саяси қуғын-сүргін құрбандарына мүлдем мән бермеу керек деген сөз емес. Өйткені, большевиктер ұлт зиялыларын қырып-жою арқылы қазақ халқына алапат әкелген болатын.
Бүгінде «Қазақ халқы ашаршылық және саяси қуғын-сүргінді бастан өткермегенде саны қанша болар еді?» деген сұрақ жиі қойылып жүр. Бұл сұраққа Түркия ғалымдары нақты деректер келтіре отырып, өз тұжырымдарын білдірген екен. Мысалы, қазақ халқы 6 миллион болған кезде Түркиядағы түріктердің саны 10 миллион болған. Ал, бүгінде Түркия халқының саны 78 млн 600 мыңға жетіп отыр. Осы сандарды есептей келе, түрік ғалымдары
«егер ашаршылық болмағанда қазақ халқының саны 60 миллионнан асып түсер еді»,
деп қорытынды жасапты.
Түрік ғалымдарының бұл болжамын белгілі тарихшы Талас Омарбеков жоққа шығармайды. Алайда ол 60 миллион болмасақ та қазақ халқы 40 миллионға жетер еді деген пікірде:
Талас Омарбеков
– Түркия басқа ұлттарды қосып алып, әр түрлі процестердің арқасында түрікке айналдырды. Ал, менің өз есебім бойынша, Қазақстанда халық саны 60 миллион болмаса да, 40 миллионнан асып жығылуы тиіс еді. Алайда түріктердің айтып отырған сөзінің жаны бар екенін естен шығармаған жөн. Халықтың дәстүрлі шаруашылығынан айырып, қуғындамағанда жоғарғы көрсеткішке жету мүмкіндігі бар еді. Оның үстіне қазақтар 2-3 әйелден алған, сол себепті халықтың саны жақсы өсіп отырған. Сондықтан, түрік тарихшыларының айтқан уәжіне мен күмән келтірмеймін. Өкінішке қарай, бұл арманға айналған көрсеткіш, – дейді тарихшы.
Иә, түрік тарихшыларының уәжіне күмән келтірмей, керісінше арнайы зерттеу жүргізу қажет. Өйткені, Үкіметтің назарынан тыс қалып отырған аштықтың ақиқатын қарапайым халық білуі керек.
Өкінішті-ақ, халқы 60 миллион болуы тиіс Қазақ елінің жалпы саны 17 миллионды құрап отыр. Оның небәрі 11 миллионы қазақ болса, шетелде 5 миллионға жуық қандасымыз мекен етеді. Жалпы, жер шарында 16 миллион қазақ бар деп нық сеніммен айтуға әбден болады. Әйтсе де түрік ғалымдарының «қазақ халқы 60 миллион болуы керек еді» деген сөзі өзегімізді өртейді.