Қазақстан Сирия жөніндегі келіссөзді Астанада өткізуге толығымен дайын деп мәлімдеді сыртқы істер министрі Қайрат Әбдрахманов. Оның сөздерінше, келіссөздер алдын ала 23 қаңтарға жоспарланған.
«Барлығы делегацияны басқаратын Ресей мен Түркияға және қатысушыларға байланысты. Иран өкілдері де бұл келіссөзге қатысуға ниет білдіріп отырғанын білеміз. Қазақстан тарабы толығымен дайын», — деді Әбдрахманов бүгін Астанада. Ол Астанадағы кездесу 9 ақпанға Женевада белгіленген келіссөз алдындағы маңызды кезең деп атап өтті.
Ресей президенті Владимир Путин мен Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған Сирия жөнінде бейбіт келіссөз Астанада өтуі мүмкін деген. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев бұл бастаманы қолдаған. Алайда келіссөздің Астанада өту-өтпеуі белгісіз. Себебі сириялық оппозиция Башар Асад үкіметін бітім шартын бұзып отыр деп айыптап, Астанаға баруға бас тартқан.
