Нұр-Сұлтан
Қазір
12
Ертең
2
USD
427
0.00
EUR
497
0.00
RUB
6.04
0.00

Алматы облысында зейнеткер укол салғаннан кейін емханада өліп кетті

65 жастағы Александр Сивак жөтелін емдеу үшін Бәйтерек ауылындағы амбулаторияға барған. Бірақ сенбі күні дәрігерлердің бірі де табылмай, медбикелер ұзақ уақыт бір-біріне сілтеумен болған. Кейін антибиотик тағайындалып, зейнеткерге еш сынамасыз егіліпті.

– Медбике шприцтің жартысындағы дәрімен екпе жасады. Аллергиясы бар екенін үш рет ескерткенімді тыңдаған жоқ. Мені бөлмеден қуып шықты. 3 минут өтпестен дәрігерлер ары-бері жүгіре бастады. Күйеуім демала алмай отыр екен. Қажетті дәрі өздерінде болмаған соң, дәріханаға жүгіріп барып келдім. Оны да тамырға сала алмады. Сөйтіп, дәрігердің қолында жан тапсырды, – дейді марқұмның жесірі Надежда Сивак.

Марқұмның туыстары дәрігерлердің бұндай жағдайға дайын болмағанын айтады. Шұғыл медициналық көмек көрсетудің орнына олар сасқалақтап, аллергияның бетін қайтаратын препарат таппай сандалған. Енді қара жамылған отбасы істі соңына дейін жеткізбек.

– Өлім себебін анықтау үшін бірден екі сараптама тағайындалды. Олар өкпенің ісініп кеткенін және өлімнің аяқ асты келгенін айтты.Нақты ненің себеп болғанын анықтау үшін уақыт қажет екен. Кінәліні жазалап, бұндай жағдайдың қайталанбауы үшін күресетін боламыз, – марқұмның қызы Ирина Сивак.

Бірақ жергілікті амбулатория басшылығы өздеріне шаң жуытқан жоқ. Айтуларынша, марқұмның 10 жылдан бері өкпесі ауырады. Ол Бәйтеректе соңғы үш жылдан бері тіркеуде екен. Оның үстіне, өкпеден бөлек талай сырқаты болған деген сенімде дәрігерлер.

– Сырқатын бізге нақты айта алмайды. Барлық органнан гистология алып, Алматыға жіберді. Ол гистология дайын болғаннан кейін барып қана ақырғы диагнозды айтады, – дейді Бәйтерек ауылдық амбулаториясының меңгерушісі Баймұқан Шаяхметов.

Қазір бұл іспен тәртіп сақшылары айналысуда. Олар кінәлі тұлғаны табу үшін қайткенде де сараптама қорытындысын күтеді. Ал сол күні табылмады деген препараттар қазір тоңазытқышта толып тұр. Дәрігерлер оның сол кезде-ақ болғанын алға тартып, оның не себепті көмектеспегені жайлы жақ ашпай отыр. Ал қарапайым жөтелге қарсы салынатын екпені жасап, адамды о дүниелік еткен медбике кезекті еңбек демалысына жіберіліпті.

Серіктестер жаңалықтары
Көп қаралған
© «365 Info», 2014–2021 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз